ТАССАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТОЛЫҚТАЙ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

ТАССАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІ ТОЛЫҚТАЙ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкент қаласының Тассай елді мекенінде табиғи газбен қамту жұмыстары толық аяқталды. Бұған дейін жекеменшік газ желілерін пайдаланған тұрғындар қысымның төмендігі және газ жетіспеушігі қолайсыздық тудырып келген. Ал бүгінде әкімдік тарапынан тартылған жаңа газ желісі тұрғындардың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартты. Бүгінгі жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.

Тұрғын Әбдіжаппар Майлыбайұлының айтуынша, бұрынғы газ жүйесінің қысымы жеткіліксіз болып, әсіресе қыс мезгілінде тұрмыстық қажеттіліктерді өтеуде қиындықтар туындаған. Ал қазіргі жаңа газ желісі тұрақты әрі қысымы жоғары, сапасы көңілден шығады.

Тассай елді мекенінің ауыл биі Талдыбек Мәдiбеков газдандыру жұмыстары былтыр басталып, бүгінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, газ қауіпсіздігіне ерекше мән беріліп, әрбір нысан мұқият тексеруден өткізілуде. Газ желісі тұрғын үйлердің ауласына дейін жеткізілген, ал үй ішіне кіргізу жұмыстары тұрғындардың өз жауапкершілігінде. Қазіргі таңда елді мекенде газсыз қалған бірде-бір үй жоқ.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың мәліметінше, Тассай елді мекенінде газдандырудың үшінші кезеңі жүзеге асырылуда. Аталған кезең аясында 700-ден астам абонент газға қосылып отыр. Жалпы Тассай елді мекенінде 3 400-ден астам абонент табиғи газбен қамтылған. Сонымен қатар, бүгінгі күні Тассаймен қатар Алтынтөбе елді мекені де газ жүйесіне қосылуда. Аталған екі аумақты қоса есептегенде, Шымкент қаласындағы газбен қамту көрсеткіші 98,5 пайызға жетіп отыр.

Алдағы жоспарларға тоқталған басқарма басшысы, қаланы толық, яғни 100 пайыз газбен қамту үшін келесі жылдан бастап компрессорлық станция салу қажеттігін атап өтті. Қазіргі газ құбырлары жеткілікті болғанымен, қалған елді мекендерге тұрақты қысыммен газ жеткізу үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Атқарылып жатқан жұмыстар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

«Шымкент келбеті»