Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде жұмысшы мамандық иелерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков қатысып, шаһардың дамуына елеулі үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдеріне алғыс білдірді.
Күнделікті көзге көріне бермейтін, бірақ қаланың тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін жұмысшы мамандық иелерінің еңбегі – өлшеусіз. Қала тазалығы, көркейту-көгалдандыру, коммуналдық қызмет, жол, жарық, абаттандыру саласында табанды еңбек етіп жүрген азаматтар әкімнің арнайы қабылдауында болды.
Кездесу барысында қала басшысы әрбір маманмен жеке сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еркін форматта өткен жиында еңбек адамдарының күнделікті жұмысы, саладағы түйткілдер мен алдағы жоспарлар сөз болды.
— Қаланың көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі – сіздердің маңдай терлеріңіздің жемісі. Сіздер атқарып жүрген жұмыс қашанда құрметке лайық. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ғана емес, әрдайым қоғамның басты тірегі болып қала бересіздер, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков еңбек адамдарына алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Жиын соңында марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ел игілігі жолындағы еңбектерін одан әрі жалғастыра беретінін жеткізді.
Еңбек адамын ұлықтау – қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуінің кепілі. Осындай тағылымды кездесулер жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, олардың қоғамдағы орнын айқындай түсетіні сөзсіз.
“Шымкент келбеті”