Абай ауданы: Акция «Ардагерлер аллеясынан» басталды

Абай ауданы: Акция «Ардагерлер аллеясынан» басталды

Елімізде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен 8 сәуірден «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Бес аптаға созылатын экологиялық науқанның алғашқы аптасы – «Таза өлке» апталығы. Апталық шеңберінде қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына атсалысып жатыр.

Таңсәріде ең алғашқылардың бірі болып Абай ауданының тұрғындары жұмысты бастап жіберді. Тазалық жұмысы «Асар» шағынауданындағы «Ардагерлер аллеясынан» басталды. Науқанға «Шымсити», «Тұран», «Асар» және өзге де іргелес шағынаудандардың тұрғындары қатысып, аулаларды, жер асты және жол үсті жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, сонымен бірге Бәйдібек би даңғылы мен А2 тас жолы бойын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізбек.

– Бүгінгі жұмысқа Абай ауданына қарасты шағын аудандардың 300-ге жуық тұрғыны қатысып отыр. Сонымен қатар, 20 техника жұмылдырылды. Тұрғындар қоқыс жинап ғана қоймай, шөп ору, талдарды әктеу және сыры кеткен аялдамаларды бояп, жуып-талайтын боламыз. Тазалық акциясына аудан жастарымен қатар, егде жастағы қарияларымыз да келіп, ұрпақтар сабақтастығын насихатталып отыр, - дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова.

Айта кетейік, бүгін Шымкентте #TazaShym атты жалпықалалық тазалық шарасы өтуде. Онда қаланың барлық аудандары мен елді-мекен аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіледі.

«Шымкент келбеті»