Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Балаларды мектепке дайындайық» республикалық акциясын дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Айталық, күні кеше 200 балаға мектеп сөмкесі мен оқу құралдары табысталды.
Қайырымдылық іс-шарасына «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиал төрағасы Мұрат Жолдыхожаев арнайы қатысып, оқушыларға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде бұл акцияның партияның тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқан бастамасына айналғанын атап өтті.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қуаныш сыйлау – біздің басты мақсатымыз. «AMANAT» партиясы үшін бұл – игі дәстүр. Бүгінге дейін шымкенттік партияластардың қолдауымен 1500-ге жуық балаға мектепке қажетті сөмкелер мен құрал-жабдықтар тарту еттік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов пен Әл-Фараби аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі.
Балалардың қуанышын еселей түскен тағы бір сәт – түрлі-түсті комикс кейіпкерлерінің өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлауы болды.
Айта кетейік, бұл қайырымдылық іс-шарасына «Таза өлке» ЖШС-і демеушілік көрсетті.
Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті»