Бүгін 13 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның бірнеше облысын басқарған ірі тұлға Асанбай Асқаровтың өмірден озған күні. «Халқым аман болса, мен де аманмын!» деп ұлты үшін өлшеусіз үлес қосқан үлкен жүректі ұлы тұлғаның есімі ұмытылмақ емес.
Биыл қоғам қайраткерінің дүниеден озғанына 24 жыл толып отыр. Осы ретте мемлекет және қоғам қайраткеткерінің өмірден өткен күнінде ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қала жұртшылығы, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері академиктің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Салтанатты жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев А.Асқаровтың өнегелі өмір жолын дәріптеп, лайықты құрмет көрсету – баршамыздың перзенттік парызымыз екенін атап өтті.
– Ұлтымыздың қасиетті перзенті, еліне еңбегі сіңген аяулы азамат Асанбай Асқаровтың бүгін дүниеден өткен күні екен. Халқымызда «Ұлыларды ұлықтау – ұрпаққа парыз» деген сөз бар. Біз бүгін сол парызымыздың бір бөлігін орындап тұрмыз. Шымкент қаласының ардагерлері, Асқаровтың ұрпақтары, А.Асқаров атындағы мектеп директорлары, т.б. жиналып, құрмет көрсетіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Қазақта «Ұлылар тұғырын өзі тұрғызады, ескерткішін халқы қояды» деген сөз бар. Міне, Асекеңнің ескерткішін халқы қойған, жыл сайын ескерткішінің алдына келіп, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Осы орайда Асанбай Асқаров атындағы қорға, Дінмұхаммед Қонаев атындағы қорға алғысымызды білдіреміз! - деді Б.Тұрғараев.
Тау тұлғаның өнегелі өмір жолын зерттеу, тұлғаға құрмет көрсету іс-шаралары жыл сайын жалғасын тауып келеді.
«Шымкент келбеті»