Қаладағы «Достық» үйінде ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай «Әр азаматқа - заңдық көмек!» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шарада қаладағы белгілі нотариус, заңгерлер, басқарма өкілдері азаматтарға құқықтық кеңес берді.
Шымкент қаласы Әділет департаменті ұйымдастырған іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттыру, азаматтардың даулы мәселелерінің шешілуіне көмек беру, әділет саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру.
Акция аясында кәсіби заңгерлер, адвокаттар қала тұрғындарына отбасылық, еңбек, мүліктік сипаттағы келіспеушіліктер бойынша тегін кеңес беріп, даулы мәселелерді шешудің жолдарын түсіндірді.
Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, мекемеге азаматтар негізінен, сот орындаушыларға қатысты мәселелермен жүгінеді. Бүгінгі таңда Әділет министрлігі тарапынан цифрлық бағытта жаңа тетіктер іске қосылуда.
Қалада ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай белгілі адвокаттар, заңгерлер, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің мүшелері мен медиаторлар түрлі мекемелерде акциялар, ашық есік күндерін тұрақты өткізіп, азаматтарға құқықтық көмек беріп жатыр. Аталған іс-шаралар одан әрі жалғасын таппақ.
«Шымкент келбеті»