Үшінші мегаполисте «Visit Shymkent» туристік орталығы ұйымдастырған «Бақытты қалаға бір билет» байқауының жеңімпазы Шымкентке келді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Байқау осы жылдың 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өзге аймақ тұрғындары үшін әлеуметтік желіде өткізілген болатын. Мақсаты – қаланың туристік имиджін дамыту әрі шаһардың көрікті орындарын насихаттау еді.
Мемлекет қазынасынан қаражат жұмсамай, тек демеушілер есебінен ұйымдастырылған байқауда 500-ге жуық адам бақ сынады. Солардың ішіндеНұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айдана Үсенова байқаудың барлық талап-ережелерін орындап, тікелей эфир барысында көп ішіненжеңімпаз атанды.
Жеңімпазға Шымкент қаласына тегін әуе билеті, «Rixos Khadisha» қонақ үйіне бір күндік ақысыз демалыс, «Сандық» мейрамханасынан кешкі ас ішу және Шымқаланың басты туристік нысандарын «RollsRoyce» көлігімен аралау мүмкіндігі бұйырды.
–Осы байқауға қатысып, жеңімпаз атанғаныма қатты қуандым. Шымкенттің қонақжай келбетіне өзім куә болдым. Қаладағы киелі орындар мен көрікті жерлерді тамашаладым. Керемет әсер үшін алғысым шексіз. Бақытты қаладағы ғажайып, ұмытылмас естеліктер үшін рахмет -деді Айдана Үсенова.
Жеңімпаз Айдана Асылбекқызы екі баланың анасы. Өзінің айтуынша Шымкенттің көрікті әрі тарихи орындарында бұрын соңды болмаған.
Айта кетсек, әлеуметтік желі қолданушылары арасында ерекше қызығушылық оятқан байқау жалғасын таппақ.