Бүгін Шымкентте белгілі композитор Құралай Сәтмұхамбетованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Аппақ гүлдер» атты әдеби шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
«Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен әуезді кешке эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Ақбота Керімбекова, Бақытжан Байжұман және ақын-жазушылар мен өнер сүйер қауым өкілдері қатысты.
Шығармашылық кеште композитордың өмір жолынан сыр шертіліп, қоржынындағы тың туындылар орындалды. Шоқтығы биік шығармалардың шығу тарихы айтылды. Қалалық «Қуыршақтар» театры жазушы Мархаббат Байғұттың «Достық қымбат бәрінен» пьесасынан үзінділер керсетті.
Тыңдармандар мен кеш қонақтары композитордың белгілі әндерін бірге орындап, Құралай Сәтмұхамбетованың сырлы сөздерімен суындап қайтты.
Құралай Сәтмұхамбетова – 1951 жылы 8 қаңтарда Семей облысы, Абай ауылында дүниеге келген. Кейіннен отбасылық жағдайларға байланысты Оңтүстікке қоныс аударып, Шырайлы шаһарда еңбек етті. Ол Түркістан облысы Композиторлар Одағы филиалының басшысы, 150-ге тарта әннің авторы. Композитордың қоржынындағы «Аппақ гүлдер», «Алтын-ай», «Ару ана», «Сені көргім келеді», «Елім аман» әндері халыққа кең таралған.
Фото: Самат Мырзалиев