БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК САУДА НҮКТЕЛЕРІ 300-ГЕ ЖЕТЕДІ

БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕУМЕТТІК САУДА НҮКТЕЛЕРІ 300-ГЕ ЖЕТЕДІ

Шымкентте жыл соңына дейін «Іскер-қала» іс-шара жоспары аясында әлеуметтік сауда желілерінің саны 300-ге жетеді. Бұл туралы Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар пысықталған жиында баяндады.

2022 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға қаныққан қала әкімі Мұрат Әйтенов басқарма басшысына ең алдымен сауда орындарындағы халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

«Қаламызда жылдан-жылға халық саны артып келеді. Бұл өз кезегінде сауда орындарына деген сұранысты ұлғайтуда. Осыған орай, қалада әлеуметтік азық-түлік тауарларын қолжетімді бағада сататын ірі сауда орталықтарының қатарын көбейту қажет. Бұл шара бәсекелестікті арттыруға сеп болады» - деді қала әкімі.

Мұрат Дүйсенбекұлы импорт алмастыру мақсатында ауылшаруашылығында кластерлі жобаларды жүзеге асыруда, басым бағыттарға инвестиция тартуда нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды. Сонымен қатар ерте пісетін ауылшаруашылығы өнімдерінің дифицитін болдырмау және олардың халыққа қолжетімді бағада сатылуын қадағалауды ескертті.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін субсидияның жаңа талаптарымен жергілікті шаруаларды жіті таныстыру да маңызды. Бұл ретте қала әкімі сала басшысына осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүйелі атқаруды жүктеді.