БӘЙДІБЕК БИ ДАҢҒЫЛЫ МЕН АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІНІҢ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙЫРЫҚТЫҢ І КЕЗЕҢІ АШЫЛАДЫ

БӘЙДІБЕК БИ ДАҢҒЫЛЫ МЕН АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІНІҢ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙЫРЫҚТЫҢ І КЕЗЕҢІ АШЫЛАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мұхтар Қоқанбаев ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Жауапты маман өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарларды бөлісті.

2022 жылы үшінші мегаполисте ұзындығы 289 шақырым жол жөнделіп, тапсырылған. Осы жалпы 158 нысанның ішінде 3 нысан салынған және қайта жаңартылса, 152 нысан – орташа деңгейде, 3 нысан күрделі жөнделген. Сонымен қатар, 123 шақырым топырақ көшеге шағал тас төселді.

– Қаладағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы өткен жылы 67,4 пайызды құрады. Ал биыл осы көрсеткішті 71,2 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса осы жылы жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын 9 нысан ел игілігіне тапсырылады. Нақты айтсақ, олар – Қонаев даңғылы жалғасы салудың 3-кезеңі, А-2 айналма жолын қайта құрудың 2-кезеңі және осы жол құрылысының 4-кезеңі, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысының 1-кезегі, Өтегенов көшесін жалғастыру құрылысының 1 және 2-кезегі, Адырбеков көшесін қайта құру, шығыс айналма жолы құрылысының 1-кезегі, Темірлан тасжолының бойында жолаушылар өткелін салу және Бәйдібек би даңғылының бойындағы жолдың құрылысы, – деді Мұхтар Сәтіллаұлы.

Спикердің айтуынша, биыл 250 аялдама павильонын, қажеттілігі бар аймақтарға 15 бағдаршам орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, қала көшелеріне жалпы 400 шақырым жол таңбасы сызылып, әлеуметтік мекемелердің алдына жалпы ұзындығы 800 метр жасанды жол кедергілерін орнату жоспарлануда.