​Бұқаралық спорт – басты назарда

​Бұқаралық спорт – басты назарда

Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда қалада 35 спорттық ұйым жұмыс істейді. Бұл мекемелерде спорттың 73 түрі дамып жатыр, оның ішінде 36 олимпиадалық, 27 олимпиадалық емес және 10 ұлттық спорт түрі бар. Аталған ұйымдарда 19 176 спортшыны 1130 штаттағы жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарымен қамтып отыр.

2025 жылға дейін қалада 61 бұқаралық спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 14-і ұйымдастырылса, жыл соңына дейін тағы 47-сін өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы аясында 18 000 ваучермен қамту жоспарланған. Бүгінде 120 өнім беруші 18 спорт түрі бойынша 16 381 ваучермен қызмет көрсетіп жатыр. Тағы 1 130 бала кезекте тұр. Бұл жұмыстар «DamuBala» ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылуда. Бұдан бөлек, қаладағы 11 саябақта 27 спорт нұсқаушы күн сайын таңғы жаттығулар өткізуде.

Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылым саны – 855 бірлік. 2025 жылға бірнеше жаңа спорт нысандарының құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, Қаратау ауданындағы жаңа футбол стадионының құрылыс жобасы әзірленіп, 2026–2027 жылдары жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, оның да құрылысы 2026–2027 жылдары басталады. Абай ауданы, Қайнарбұлақ тұрғын алабында қоғамдық қор арқылы модульді жылдам құрастырмалы спорт нысаны бой көтермек. Еңбекші ауданындағы Қарабастау мен Бадам елдімекендерінде екі жылдам құрастырмалы спорттық нысан демеушілер есебінен салынып, 2025 жылы пайдалануға беріледі. Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Сондай-ақ №17 спорт мектебінің Базарқақпа тұрғын алабындағы нысанына қосымша футбол алаңы мен екі жабық мини-футбол манежінің құрылысы үшін қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Биыл бірнеше спорттық нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Қажымұқан атындағы орталық стадионда демеушілердің қолдауымен футбол алаңы, жеңіл атлетика жолағы, көрермен орындары мен VIP аймақ жаңартылуда. «Орталық су спорт кешені» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды. «Мұз сарайы» ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша сметалық құжат дайындалды, алдағы уақытта бюджетке өтінім берілетін болады. №17 спорт мектебінің Мамин Сибиряк көшесінде орналасқан нысанына да ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр.

Қала орталығынан шалғай орналасқан елдімекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамту үшін де тиісті шаралар қолға алынуда. Тұран ауданы, Ақтас тұрғын алабында, Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында, Абай ауданы, Көкбұлақ және Қызылжар шағынауданындағы жер телімдері заңдастырылды. Алдағы уақытта бұл аумақтарда спорттық нысандар салу үшін тиісті ұсыныстар берілетін болады.

Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен тағы үш жаңа спорт нысаны бой көтереді. Олар: №4 спорт мектебінің байдарка және каноэ базасына қосымша нысандар, Қайтпас шағынауданындағы №58 мектептің орнына дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Ипподром аумағында 150 адамға арналған қонақ үй мен 150 атқа арналған атқора құрылысы. Бұл жұмыстар қаладағы спорттық инфрақұрылымның дамуына және туризм әлеуетінің артуына оң ықпал етеді.

«Шымкент келбеті»