Шымкентте ҰБТ-ның бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласы Білім басқармасы хабарлады.
Бірінші кезең 20 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өтті.
2020-2021 оқу жылында 9 342 түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 6 391 оқушы ҰБТ-ға қатысты. Оның 5 003-і қазақ тілінде, 1 388-і орыс тілінде тест тапсырды.
Қалада Ұлттық бірыңғай тестілеу 3 жерде өтті. М.Әуезов атындағы ОҚУ-да 2 352 оқушы, ОҚПУ-да 2 596 оқушы және «SilkWay» халықаралық университетінде 1 443 оқушы ҰБТ тапсырады. Оқушылардың тест нәтижесі 5 ақпан, яғни ертең белгілі болады.
Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі наурыз айында өтеді. Ол кезде оқушылар санитарлық талаптарға сәйкес тестті онлайн тапсыруы мүмкін. Бұл туралы ҰБТ орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.
Жалпы жас түлектер 4 рет тест тапсырады. Оның бірінші кезеңі бүгін аяқталса, екінші кезеңі наурыз айына жоспарланған. Ал шешуші тест маусым-шілде айларында өтеді. Одан сүрініп, не қатыса алмаған оқушылар тамыз айында өтетін тестке қатысады.
Биылғы ҰБТ-ның ең басты ерекшелігі - міндетті және бейіндік пәндердегі тапсырмалардың саны өзгерген. Қазір оқушылар Қазақстан тарихы және математикалық сауаттылық пәндері бойынша 15 баллдан, оқу сауаттылығы бойынша 20 балл және бейіндік пәндердің әрқайсысынан 45 баллдан жинай алады. Бірақ жалпы балл – 140 өзгеріссіз қалады.
Фото: ашық дереккөз