Егер Қырғызстан немесе Ресей азаматы Қазақстанда жұмыс істесе, ол зейнетақы ала ма?
Қазақстанда жұмыс істеген жылдары үшін зейнетақыны Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің азаматтары ала алады. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімнің арқасында мүмкін болды. Оны 2021 жылы барлық қатысушы мемлекет ратификациялаған болатын. Бұл құжатқа сәйкес, өзге елдегі еңбек өтілі үшін зейнетақы төлемдерін алуға рұқсат етіледі. Яғни, егер ЕАЭО-ға кіретін елдің азаматы Қазақстанда жұмысқа орналасса, онда зейнетке шыққаннан кейін ол біздің республикамызда еңбек еткен уақытындағы жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін ресімдей алады. ЕАЭО-ға кіретін мемлекеттерде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына да осындай жағдай жасалуда: олар осы елдерде жұмыс істеген жылдары үшін сол елдің азаматтарымен тең дәрежеде зейнетақы алатын болады.
Басқа мемлекетте еңбек еткен кезіңіз үшін зейнетақы алудың басты шарты - ресми жұмысқа орналасу. Зейнетақыны ресімдеу кезінде Қазақстандағы 1998 жылдан кейінгі жұмыс өтілін БЖЗҚ-да, ал оған дейінгіні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінде растауға болады.