Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында шаһардың сәулет және қала құрылысы саласында биыл атқарылған нақты жұмыстар кеңінен баяндалды. Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Мұқанов басқарма өзіне жүктелген міндеттерді толық әрі уақытылы орындап келе жатқанына тоқталды.
Басқарма тарапынан бүгінде 9 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын тіркеу, үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат беру, құрылыс және реконструкция жобаларына бастапқы материалдар ұсыну, эскиздік жобаларды келісу, жылжымайтын мүлік объектілеріне мекенжай беру, жер учаскесіне құқық алу және оның нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты қызметтер бар.
Дәурен Маратұлының мәліметінше, биыл он бір айда басқармаға барлығы 41 763 өтінім түскен. Соның ішінде 34 826 өтінім бойынша мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 6 937 өтінімге заң талаптарына сәйкес бас тарту берілген. Бұл көрсеткіштер қала тұрғындары мен кәсіпкерлер тарапынан сәулет және қала құрылысы саласына деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Спикердің айтуынша, есепті кезеңде арыз-шағымдармен жұмыс та жүйелі жүргізілген. Биыл басқарма жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардан келіп түскен 9 353 хатты орындаған. Соның ішінде «е-Өтініш» жүйесі арқылы 3 879, ал «Құжат айналым» жүйесі арқылы 3 395 хат қабылданған. Сонымен қатар, 2 869 шығыс хат жолданыпты.
Құқықтық қамтамасыз ету бағытында да бірқатар маңызды жұмыс атқарылған. Спикердің айтуынша, Шымкент қаласы бойынша соттарда қала әкімдігі мен басқарма атынан жауапкер ретінде 63 іс қаралған. Соның нәтижесінде 42 іс мемлекеттік органның пайдасына шешілсе, 7 іс екінші тараптың пайдасына аяқталған. Сонымен қатар, 3 іс бітімгершілік, яғни медиация тәртібімен тоқтатылып, 11 іс әлі де сот өндірісінде қаралып жатыр.
Басқарма өкілі жобалық кеңсе аясында бекітілген негізгі индикаторлар бойынша да жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, бюджет, тұрғын үйлерді есепке алу және I-komek жүйесі бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда тұр. I-komek жүйесі арқылы тұрғындардан түскен 22 арыз-шағымға уақтылы жауап берілген.
Спикердің айтуынша, биылға Шымкент қаласында 1 370 450 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары бекітілген. Салыстыру үшін айта кетсек, былтыр 1 366 805 шаршы метр тұрғын үй есепке алынған. Бүгінде, яғни 11 айдың қорытындысымен, 1 139 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданып, есепке алынған. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың басым бөлігінің орындалғанын көрсетеді екен.
Сондай-ақ, басқарманы күтіп ұстау және оның жұмысын қамтамасыз ету үшін биыл жергілікті бюджеттен 208,6 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражат басқарманың күнделікті қызметін тұрақты жүргізуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталып отыр.
Геоақпараттық жүйе арқылы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер де белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Спикердің айтуынша, биыл бұл жүйе арқылы 3 026 өтінім түсіп, соның 2 950-іне жауап берілген.
Баспасөз конференциясында Шымкент қаласының Бас жоспарына да ерекше тоқталды. Дәурен Маратұлының айтуынша, қаланың Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Құжатта қаланың 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму перспективалары айқындалған. Бас жоспарға сәйкес, алдағы жылдары Шымкент қаласының халқы 1,2 млн адамнан 1,9 млн адамға дейін өседі деп болжанады. Бұл өз кезегінде инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы және қала кеңістігін тиімді жоспарлау мәселелерінің өзектілігін арттыра түседі.
Заңсыз құрылыс нысандарына қатысты жұмыстар да тұрақты жүргізіліп келеді. Спикердің айтуынша, жыл басынан бері қала аумағындағы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізіліп, 11 айдың ішінде 503 нысан бойынша тиісті шара қабылдау үшін Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары, себебі былтыр 312 нысан ғана анықталған болатын.
Жарнама саласындағы көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Баяндамашының айтуынша, былтыр жарнама нысандарынан бюджетке түскен салық көлемі 540 млн теңгені құраса, биылға 650 млн теңге көлемінде түсім жоспарланған.
Алдағы жоспарлар жөнінде сөз қозғаған спикер қала аумағындағы сыртқы көрнекі жарнаманы реттеуге қатысты нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Атап айтқанда, Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 27 маусымдағы №51/429-6с шешімімен бекітілген сыртқы жарнаманы орналастыру қағидасын «Жарнама туралы» заңына енгізілген өзгерістерге байланысты жойып, қайта қабылдау туралы шешім жобасы әзірленіп жатыр. Бұл өзгерістер қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктердегі жарнама нысандарын реттеуге оң ықпал етпек.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуына байланысты, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес жарнама нысандарынан бюджетке түсетін түсімдерді алдағы уақытта 2 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл қала бюджетінің кіріс бөлігін арттырып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік бермек.
«Шымкент келбеті»