Қоғам дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның шынайы қуаты – халықтың санасында, өмір салтында, тұтыну мәдениетінде. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – ысырапшылдық. Бұл тақырып Шымкент қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Ысырапшылдық – қоғамның дәйекті дамуына кедергі» атты өңірлік форумында терең талқыланды.
2025 жылғы 23 желтоқсанда Шымкент қаласындағы Достық үйінде өткен ауқымды жиынға Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан Аналар кеңесінің төрайымдары мен белсенді мүшелері қатысты. Сонымен қатар қала әкімдігі өкілдері, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, «Ассамблея жастары» бас қосты. Пленарлық отырысты Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева жүргізіп, форумның басты мақсаты – үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды жаңғырту және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау екенін атап өтті.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева ысырапшылдықпен күрес – тек тұрмыстық мәселе емес, мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет екенін айтты.
– Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдар ел бірлігін нығайтумен ғана шектелмей, қоғамның «бас ауруына» айналған әлеуметтік мәселелермен күресте де айрықша белсенділік танытып келеді. Солардың бірі – қоғамның салауатты санасын қалыптастыруға бағытталған «Салауатты сана» жобасы. Аталған жобаның түпкі мақсаты – қоғамда кең етек жайған нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және өзге де әлеуметтік кеселдерге қарсы жүйелі түрде әрекет ету, олардың себеп-салдарын ашып көрсету және алдын алу. Жыл басынан бері Аналар кеңесінің мүшелері осы жоба аясында 50-ге жуық тақырыптық іс-шара ұйымдастырып, қоғамдағы бес бірдей әлеуметтік дертке қарсы күресті күшейтті. Кездесулер барысында жас ұрпаққа нақты бағыт-бағдар беріліп, зиянды әдеттердің адам өміріне, отбасы мен қоғамға тигізер зардабы кеңінен түсіндірілуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында, жастар ортасында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, ысырапшылдық мәселесі әлі де қоғамдағы өзектілігін жоғалтпай отыр. Бұл – тұрмыстық деңгеймен шектелмейтін, әлеуметтік, экономикалық әрі рухани қырлары бар күрделі тақырып. Ысырап – отбасының әл-ауқатына ғана емес, ел экономикасына, табиғи ресурстардың сарқылуына және ұлттың болашақ құндылықтарына тікелей әсер ететін құбылыс. Осы орайда өңірлердің белсенді, елдік мәселеге бейжай қарамайтын аналарының басын қосқан бүгінгі форумның маңызы ерекше. Бұл жиын – қоғамды ойландыруға, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және ысырапшылдыққа қарсы ортақ көзқарас түзуге бағытталған маңызды алаң. Аналар көтерген бұл мәселе – тек бүгіннің емес, болашақ ұрпақтың тағдырына қатысты ортақ жауапкершілік, – деді Айгүл Тұрсынбекқызы.
Сондай-ақ, қоғамдық қызметімен көзге түскен аналарға ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаидың Алғыс хаттарын табыстады.
Форум барысында сөз алған спикерлердің барлығы дерлік ысырапшылдықтың түп-төркініне үңілді. Қазақ халқы ежелден «Үнем – ырыс, ысырап – шығын» деп тәрбиелеген. Алайда бүгінгі қоғамда бұл ұстаным көмескі тартып барады. «Бүгінгі ысырап – ертеңгі ұрпақтың несібесіне қол сұғу. Тойдағы дарақылық, артық сән-салтанат, қажетсіз несие – бұл тек жеке отбасының емес, тұтас қоғамның дерті» деген форум қатысушыларының ойы бір жерден шықты. Шынында да, қазіргі қазақ қоғамында той-томалақтағы шектен шығу, қарызға бату, дастарқандағы тағамның ысырап болуы үйреншікті көрініске айналды. Бұл – ұлттық болмысқа жат құбылыс.
Форумда экологиялық және энергетикалық мәселелер де кеңінен қозғалды. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-дың кафедра меңгерушісі Гүльзухра Тұрымбетова энергияны үнемдеудің тұрақты болашаққа бастайтын жол екенін ғылыми тұрғыда түсіндірді. Оның айтуынша, электр энергиясын бей-берекет тұтыну – экологияға да, экономикаға да ауыр салмақ салады. Ал доцент Парида Сұлтанбекова оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесіне тоқталып, таза су қорының азаюы – болашақта әлеуметтік және экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін екенін ескертті. «Суды үнемдеу – тек тұрмыстық әдет емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді ол.
Бұл ойды Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова да қолдап, ысырапшылдыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру отбасынан басталуы тиіс екенін айтты. Шымкент қаласы орталық мешітінің бас имамының орынбасары, дінтанушы Исламқұл Иманқұлұлы исламдағы үнемшілдік қағидаларына тоқталып, ысыраптың дін тұрғысынан да құпталмайтынын жеткізді.
Форум қорытындысында қатысушылар үнемшілдікке, жауапты тұтынуға, рухани құндылықтарды сақтауға үндейтін Үндеу қабылдады. Бұл – тек қағаз жүзіндегі құжат емес, қоғамға бағытталған нақты үндеу. Егер біз ел экономикасының қуатты, мемлекеттің тұғырының биік болғанын қаласақ, ысырапшылдықты тоқтатуға тиіспіз. Электр энергиясын, суды, қаржыны, уақытты үнемдеу – дамыған елдерге тән қасиет. Ал ысырап – кедейліктің ғана емес, рухани әлсіреудің де бастауы. Аналар кеңесінің бастамасымен өткен бұл форум – қоғам санасын оятуға бағытталған маңызды қадам. Себебі ананың тәрбиесі – ұлттың тағдыры, ал үнемшіл ұрпақ – елдің ертеңі.
Форум аясында жиынға қатысушылар Шымкент қаласындағы «Ибрахим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінде болып, «Арофат» мектебінде өтетін іс-шараға қатысты. Жас буынға сапалы қосымша білім беру бағытында қалада нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан №2 Оқушылар сарайын аралап, «Shymkent Creative Hub» орталығында шығармашылық жобалармен және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіндегі «Ғылыми зертхана» кешенінің табысты қызметімен де танысты.
«Шымкент келбеті»