Бүгін, яғни 1 ақпанда қазақстандықтарды
коронавирус инфекциясына қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау басталды, - деп
хабарлайды Shymkentaqparat
Алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов пен денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтанның № 6 қалалық емханасында «Спутник V» вакцинасын салдырды.
«Шымкент вакцинациялаудың бірінші кезеңіне дайын» екендігі туралы бұған дейін өткен баспасөз мәжілісінде қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ералқасын Түктібай мәлімдеген болатын.
– Осы жылдың ақпан айынан бастап елімізде КВИ-ға қарсы Ресейде шығарылған
Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын егу басталады. Екпе ең алғаш коронавирус
инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары болып есептелетін медицина қызметкерлеріне
салынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу
орындарының педагогтарына және бірінші кезеңге кірмеген медицина мамандарына
егіледі. Ал үшінші кезеңде мектеп-интернаттары мен мектепке дейінгі
мекемелердің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар
қамтылады. Бұл ретте айта кететін жайт, вакцинация елімізде ерікті түрде
жүргізіледі, – деді Ералқасын Жақаншаұлы.
Айта кетейік, кез келген азамат Covid-19-ға қарсы вакцина тегін және кез келген адам вакцинадан жазбаша түрде бас тартуға құқылы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда 1 ақпанда «Спутник V» ерікті вакцинациялау науқаны басталатыны хабарланған болатын.
Келісімдер негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді.
Ақпанда Қарағанды фармацевтикалық кешені 112 мың доза, наурызда 150 мың, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың доза вакцина жеткізеді.
Фото: ашық дереккөз