Бұл туралы Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ералқасын Түктібай Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
– Осы жылдың ақпан айынан бастап елімізде КВИ-ға қарсы Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын егу басталады. Екпе ең алғаш коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары болып есептелетін медицина қызметкерлеріне салынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының педагогтарына және бірінші кезеңге кірмеген медицина мамандарына егіледі. Ал үшінші кезеңде мектеп-интернаттары мен мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер және созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Бұл ретте айта кететін жайт, вакцинация елімізде ерікті түрде жүргізіледі, – деді Ералқасын Жақаншаұлы.
Баспасөз мәжілісіне департаменттің инфекциялық-паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Забира Есенғараева дақатысып, тиімділігі 91 пайыздан асатын «Спутник V» вакцинасы 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті және емізулі сәбиі бар аналарға салынбайтынын хабарлады.
– Бүгінде қалада 4 вакциналау бөлмелері (№3,5,6,13 қалалық емханалар) ұйымдастырылып, вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыш қондырғылар орнатылды. Оған қоса өз еркімен вакцинациялау үшін 1000 медициналық қызметкердің тізімі құрылды. Осы орайда егу барысын жеткізсем, вакцинациялау кезінде екпені салдыратын азаматқа толық медициналық тексеру жүргізіледі. Ал екпені салған соң, маман 30 минут бақылап отырады. Одан кейін 3 күн бойы тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады, – деді З.Есенғараева.
Айта кетейік, вакцинациялау процесінің ІІ кезеңінде отандық өндіріс QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл вакцинаның клиникалық сынағының 3-кезеңі жүргізіліп жатыр.
Фото: Ернар Мамыр