Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік іс-шара Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.
Мұнда ұйғыр халқының тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін кеңінен насихаттау, сондай-ақ еліміздегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту мақсат етілген.
Мерекелік жиынға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты. Іс-шара қонақтары алдымен ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін және ұлттық тағамдарын паш еткен көрмемен танысты. Көрме қатысушыларға ұйғыр мәдениетінің бай мұрасын паш етті.
Мерекелік концерттің салтанатты ашылуы «Умай» би тобының орындауындағы ұлттық «Кербез сылқым» биімен басталды. Кеш барысында өнер ұжымдары мен жас таланттар ұйғыр халқының мәдениеті мен өнерін ұсынып, көрерменге тамаша көңіл күй сыйлады.
Сахна төрінде Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Жан досым» әні шырқалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының орындауындағы әуезді әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар «Умай» би тобының «Йипәк йолы» биі мен шешен халқының «Ламаназ» биі көпұлтты Қазақстан халқы мәдениетінің тоғысын айқын көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар ел ішіндегі бірлік пен татулықтың маңызын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы келісім мен ынтымақты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.
Жадыра МҮСІЛІМ, “Шымкент келбеті”