​Әйтенов: Індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина

​Әйтенов: Індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина

Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөнінде штаб отырыс өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қала әкімі эпидемиологиялық жағдайдың күрделенгенін, инфекциямен күресте тұрғындардың қоғамдық орындарда маска тағуы мен вакциналаудың маңызын атап өтті.

– Қалада инфекция жұқтырғандар саны күн сайын артып отыр. Індетті жеңудің жалғыз жолы – вакцина. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, екпе егу жұмыстарын қарқынды жалғастыру қажет. Екпе егілген азаматтардың жағдайын біліп, солардың пікірін беріп отырайық, - деді қала әкімі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б. Позиловтың айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында жалпы коронавирусқа қарсы екпенің 1-ші компоненті 13 087 адамға адамға, екінші компоненті 5 307 адамға егілген. Жыл басынан 1872 адам ковид инфекциясын жұқтырып, 21 адам қайтыс болды.

– Шымкентте 7 сәуірден бастап барлық санаттағы адамдарға екпе салынып жатыр. Қалаға 30 мың доза вакцина келді. Екпе егу сенбі, жексенбі күндері де, таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін жүргізіледі. Әзірге 37 бекет жеткілікті. Бекеттің ішінен тағы қосымша бөлімдер ашып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, бүгінде елімізде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, «қызыл аймаққа» кірген өңірлердің қатары артуда. Шымкент қаласы Павлодар, Қызылорда, СҚО және Маңғыстау облыстарымен бірге «сары аймақта» тұр.