​ШЫМКЕНТТЕ «ҮЗДІК ЖАСТАР – 2025» ПРЕМИЯСЫНЫҢ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

​ШЫМКЕНТТЕ «ҮЗДІК ЖАСТАР – 2025» ПРЕМИЯСЫНЫҢ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін «Үздік жастар – 2025» премиясының салтанатты марапаттау рәсімі жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Сыздықбеков арнайы қатысып, жыл бойы қоғамның түрлі саласында үздік нәтиже көрсеткен жастарды марапаттады.

Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталып:

«Шымкент – жастар қаласы. Бүгінде мегаполисте жастардың білім алып, еңбек етіп, кәсіп бастауына барлық жағдай жасалған. Еліміздің ертеңі – білімді, еңбекқор әрі отаншыл жастардың қолында. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – қаламыздың дамуына қосылған үлес», – деп атап өтті.

Аталған байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын дамытуға белсенді үлес қосып жүрген, елдің қоғамдық-саяси өміріне араласатын, ғылым, білім, кәсіпкерлік, өндіріс, спорт және мәдениет салаларында табысқа жеткен жастарды қолдау, олардың еңбегін кеңінен насихаттау және жігерлендіру.

Биылғы байқауға Шымкент қаласынан 14 пен 35 жас аралығындағы 250-ге жуық жас өтінім берген. Арнайы комиссияның шешімімен түрлі сала бойынша үздік деп танылған 20 жас «Өз саласының үздігі» атағына ие болды.

Марапат иегерлері қатарында үздік студент, үздік жас жұмысшы, үздік жас кәсіпкер, сондай-ақ қоғам белсендісі, спорт, шығармашылық және волонтерлік бағыттағы үздік жастар бар. Жыл көшбасшыларына қала әкімінің атынан диплом, арнайы статуэтка және планшет табысталды.

Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен қатар қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, жастар ұйымдарының жетекшілері, танымал спортшылар, депутаттар мен белсенді жастар қатысты.

«Үздік жастар – 2025» премиясы – жастардың еңбегін бағалап қана қоймай, олардың алдағы мақсаттарына серпін беретін, жаңа жетістіктерге жетелейтін маңызды алаң. Бұл шара Шымкент жастарының әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

“Шымкент келбеті”