ШЫМКЕНТ ШЫРАЙЫН АРТТЫРҒАН ЖЫЛ

ШЫМКЕНТ ШЫРАЙЫН АРТТЫРҒАН ЖЫЛ

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты мазмұны мен маңызы жағынан айрықша болды. Жиында жыл қорытындыланып, шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы басым міндеттер кеңінен қамтылды.

Брифинг барысында ресми өкіл Шымкент қаласында халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Жұмыспен қамту деңгейін көтеру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – қала әкімдігі қызметінің негізгі өзегіне айналған. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, атқарылған істердің нәтижесін қала тұрғындары күнделікті тұрмыста сезіне бастағаны айтылды.

Қала басшысының жұмыс сапары аясында жүзеге асқан бірқатар маңызды өндірістік жобаларға тоқталды.

– Қала әкімі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Marvik Partners» ЖШС-нің тоқыма емес материалдар өндіретін фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорында бүгінде медицина, құрылыс және агросекторға арналған өнімдер шығарылуда. Қазіргі таңда 78 адам жұмыспен қамтылған. Инвестициялық құны 4,7 млрд теңгені құрайтын жоба толық қуаттылыққа шыққанда 136 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 4,8 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өнімдерді экспортқа шығару да жоспарланып отыр, – деді ресми өкіл.

Сондай-ақ, брифингте Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Alliance Buildings» өртке қарсы және техникалық есіктер өндіретін зауыттың іске қосылғаны айтылды.

– «Инвестициялық құны 3,7 млрд теңгені құрайтын бұл жоба оңтүстік өңірлерді сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорын келесі жылдан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне өнім экспорттауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта зауытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық өндірістік құрал-жабдықтар орнатылды, – деп толықтырды Сәрсен Құранбек.

Сонымен қатар, ресми өкіл әлеуметтік желілерде жалған әрі арандатушылық сипаттағы ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертіп, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау үшін тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Ресми өкіл әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған әрі арандатушылық сипаттағы ақпараттарға тоқталып, тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Алдағы мерекелік күндерге байланысты құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде қызмет атқаратыны, қала тұрғындарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіні мәлім болды. Мерекені атап өтуде патриоттық мазмұнға басымдық берілуі тиіс екені айтылып, балалар мен адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеу қажеттігі қадап көрсетілді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағида тағы бір мәрте назарға алынды.

– Биыл еліміз үшін тарихи маңызы зор Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аталып өтті. Бұл – ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы орындалып, азат ел ретінде әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындаған кезең. Тәуелсіздік – бізге аманат. Оны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа табыстау – баршамыздың борышымыз, – деген Сәрсен Абайұлы өткен жылды ел үшін де, қала үшін де табысты жыл болды деп бағалады.

Қала дамуы туралы сөз қозғағанда ресми өкіл Шымкенттің қалай түлеп, жаңарып жатқанын елдің өзі айтып жүргенін атап өтті. Халықтың ықыласы мен сенімі – атқарылған еңбектің басты өлшемі екенін жеткізді.

– Елге қызмет ету – ең үлкен бақыт. Ал қала мен халық арасындағы алтын көпір – сіздер, журналистер, – деп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шынайы алғысын білдірді.

Жиын соңында қала өміріндегі маңызды жаңалықтар мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жұртшылыққа жедел әрі объективті жеткізіп жүрген бірқатар журналистерге алғыс хаттар табысталды.

Жыл қорытындысына арналған бұл баспасөз мәслихаты Шымкенттің даму жолындағы нық қадамын, ел мен билік арасындағы ашық диалогтың берік орныққанын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

«Шымкент келбеті»