Психикалық денсаулық орталығы – қала тұрғындарына кешенді әрі қолжетімді психикалық денсаулық қызметін көрсететін жетекші мамандандырылған медициналық мекеме.
Орталықта ТМККК (ГОБМП) аясында психикалық белсенді заттарға тәуелділігі бар, сондай-ақ психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстармен ауыратын азаматтарға білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Медициналық қызмет тек емдеумен шектелмей, алдын алу, диагностика, кеңес беру және медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтиды.
Балалар мен ересектерге арналған заманауи психоәлеуметтік оңалту бағдарламалары іске асырылуда. Бұл бағдарламалар пациенттердің қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік дағдыларын дамытуға және өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Орталықтың басты мақсаты – әрбір пациентке жеке тәсіл қолдана отырып, психикалық саулығын қалпына келтіруге және әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.
Бүгінде орталық өңірдегі ең ірі мамандандырылған медициналық ұйымдардың бірі саналады. Мұнда барлығы 480 төсек-орын қарастырылған. Оның ішінде мәжбүрлеп емдеу, ересектер мен балалар психиатриясы, наркология, күндізгі стационар және арнайы бөлімшелер жұмыс істейді.
Амбулаториялық-поликлиникалық және наркологиялық диспансерлік бөлімшелер тәулігіне 175 адамға дейін қабылдайды.
Психикалық және аутистикалық спектр бұзылыстары бар балаларға арналған медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі күн сайын 20 балаға кешенді көмек көрсетеді.
Орталық мамандары кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып келеді. Биыл сәуір айында Шымкент қаласында ДДҰ мамандарының, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Түркия елдерінің жетекші профессорлары мен ғылыми қызметкерлерінің, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау саласы өкілдерінің қатысуымен
«Адам және қоғам психикалық денсаулығы: ведомстволық мәселелер, шешу жолдары» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Конференция психикалық денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, жүйелі кедергілерді анықтауға және тиімді шешімдер әзірлеуге бағытталды.
Өткен айда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің үйлестіруімен және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жоспарланған пилоттық жоба аясында орталықтың екі маманы Беларусь Республикасына іссапарға барып, еріксіз емдеуді медициналық-әлеуметтік оңалтумен интеграциялау модельдерін зерттеу бойынша тәжірибе алмасты.
Орталықта психологиялық қолдау және басқа да мәселелер бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау, пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің сапасын бақылау мақсатында Ішкі аудит және пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді.
2025 жылы 300-ге жуық пациент медициналық-психологиялық және медициналық-әлеуметтік оңалтудан өтті.
ПБЗ тұтынушыларды есепке қою және есірткі заттарының таралуына қарсы күрес бойынша ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандум аясында орталықта медициналық куәландыру жүргізіледі. Пайдалану фактісі расталған жағдайда дәрігерлік-консультативтік комиссия (ДКК) өткізіліп, азамат консультативтік есепке қойылады және бағытталған профилактикалық әрі медициналық жұмыс басталады.
Бүгінгі күнге дейін осы меморандум аясында 322 науқас ДКК арқылы консультативтік есепке алынған.
Қазіргі уақытта дәстүрлі емес психоактивті заттардың таралуы байқалуда. Алайда кейбір азаматтар есепке қойылады деген қорқынышпен орталыққа жүгінуден тартынуда. Осыған байланысты орталықта нашақорлық пен алкогольге тәуелділікті емдеудің анонимді және құпиялылығы толық сақталатын бағдарламалары ұсынылады.
2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабына сәйкес, амбулаториялық-емханалық деңгейде медициналық көмек көрсету мақсатында аутистік спектр және психикалық бұзылыстары бар балаларға арналған орталық ашылып, жұмыс істеуде.
2025 жылдың 11 айында оңалту шараларынан 154 бала өтті. Орталықтың жобалық қуаттылығы – бір ауысымда 20 келуші, оңалту курсы – 90 күн. Әр балаға 20–30 минуттық жеке сабақтар жүргізіледі. Қазіргі уақытта кезекте 289 пациент бар.
Биыл бөлімше мамандары Астана қаласындағы Ұлттық балалар оңалту орталығында «Аутистік спектр бұзылыстары мен психикалық дамудың кешігуі бар балалармен коррекциялық жұмыс» тақырыбында стажировкадан өтті.
Бұл орталық – қаладағы денсаулық сақтау жүйесіне кіретін жалғыз мамандандырылған клиникалық мекеме. Білім беру бағытындағы орталықтардан айырмашылығы – мұнда ауыр клиникалық жағдайлармен кәсіби медициналық жұмыс жүргізіледі.
Аутистік спектр бұзылыстары кезінде көмек көрсету халықаралық стандарттарға сәйкес психиатр, психотерапевт, психолог, логопед, дефектолог және ЛФК/АФК нұсқаушыларынан құралған көпсалалы команда арқылы жүзеге асырылады.
Болат Медетов,
Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері