ҚАЛАДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТПЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 42 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

ҚАЛАДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТПЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 42 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Өткен жылы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 498 852 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 42 пайызын құрады. Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев баспасөз брифингінде өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Басқарма басшысы спорттық инфрақұрылыммен қамту, жоғары спорт жетістіктері, бұқаралық спортты дамытудағы жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті. Биыл бюджет есебінен қалада 3 спорт нысанының - Металлург стадионын реконструкциялау, Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, Бозарық-3 шағын ауданындағы қалалық №20 спорт мектебі спорт ғимаратының құрылысы аяқталады.

2022 жылы спорт түрлері бойынша 43 қала чемпионаты өткізілді. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен әр түрлі сала қызметкерлері арасында 32 ауқымды бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оған 19 800 адам қамтылды.

— Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталады. Жалпы қала спортшыларының Париж олимпиадасына 20-ға жуық жолдама жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, биылғы Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарына 58 спортшымыз үміткер болып отыр. ҚР 6-шы жазғы Спартакиадасында да үздіктер қатарынан көрінуге күш саламыз, - деді басқарма басшысы.

Айта кетсек, өткен жылы қала спортшылары Азия чемпионаттарында 89 алтын, 58 күміс және 67 қола жүлде жеңіп алса, әлем чемпионаттарында 60 алтын, 38 күміс және 33 қола медальға ие болды.