Қалада еңбек нарығы дамып жатыр

Қалада еңбек нарығы дамып жатыр

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар алаңында қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен еңбек нарығын дамытуға ерекше назар аударылған. Осы орайда Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылған.

Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл ретте өңірде арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Ресми өкілдің сөзінше, қалада тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынатын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Мәселен, биылғы 11 ақпанда «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 25 маусымда «Арбат» алаңында өңіраралық жәрмеңке өткізілген. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмысқа, 63 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Сондай-ақ пробация қызметінде тіркеуде тұрған және бас бостандығынан босаған 29 адам квотамен тұрақты жұмысқа жолданған. Еңбек мобильдігі орталығы халық арасында «Еңбек.кз» порталының мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіріп жатыр. Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының студенттері «Электронды еңбек биржасы» арқылы жұмыс іздеудің дағдыларын меңгеріп, нәтижесінде 11 829 мектеп оқушысы мен 4 744 студент арнайы сертификат алыпты.

Қала әкімінің орынбасары атап өткендей, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету де басты назарда. «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж жандарға әділ әрі ашық түрде көрсетілуі қажет», деді ол. Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді қолдау түрінде көрсетіледі. «Бұл мемлекет тарапынан әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ең бастысы, көмек ең алдымен мұқтаж жандарға жетуге тиіс», деді Сәрсен Құранбек.

Спикердің айтуынша, биыл қалада аз қамтылған отбасыларды қолдауға 7,5 млрд теңге қарастырылған. Биыл жеті айда 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге АӘК төленген. Сондай-ақ бір жастан алты жасқа дейінгі 4 242 балаға ай сайынғы қосымша төлем ретінде 228,9 млн теңге бөлінген. «Былтырмен салыстырғанда биыл алғашқы жеті айда АӘК алушылардың саны 40 пайызға азайды. Бұл халық табысының артуы мен жұмыспен қамту шараларының нәтижесі», деді ресми өкіл.

Әлеуметтік көмекті ресімдеу рәсімдері де жеңілдеп келеді екен. Биылдан бастап FSM Social мобильді қосымшасы енгізіліп, учаскелік комиссиялардың жұмысы цифрландырылды. Мұндай шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өтініш берушінің нақты жағдайын анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың жаңа балдық үлгісі пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатыр. Бұл модель әлеуметтік-демографиялық және экономикалық 23 көрсеткішпен бағалап, отбасыларды алты санатқа бөледі.

«Мұндағы мақсат сол, көмек барлығына бірдей емес, нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Қосымша әлеуметтік қолдау жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал республикалық деңгейдегі 41 түрлі әлеуметтік төлем бұрынғыдай сақталады», деп атап өтті ресми өкіл. Жаңа тәсілдің арқасында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен табысы төмен тұрғындар әділ әрі уақтылы қолдау алады.

Спикердің айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында 1 274 296 тұрғынның 82,5 пайызы, яғни 1 051 776 адам медициналық сақтандыру жүйесіне тартылған. Дегенмен 222 520 азамат әлі сақтандырылмаған. «Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14 970 адамға азайды. Яғни жүргізілген түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесі бар», деді ол. Оның сөзінше, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтардың жалпы саны 56 964 адам. Олар үшін сақтандыруға ай сайынғы төлем мөлшері 4 250 теңге. Бұл санаттағы тұрғындарды медициналық сақтандыру жүйесіне тарту үшін тұрақты штаб отырыстары өтіп, емханалар деңгейінде жұмыс күшейтілген.

Ресми өкіл атап өткендей, былтырдан бастап елде дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілді. Бұл жүйе дәрілердің сатып алынуынан бастап сақталуына, өндірілуіне және сатылуына дейін қатаң қадағалауды қамтамасыз етеді. Шымкент қаласында стационарлық ұйымдар 1,9 млн-нан астам таңбаланған дәріні қабылдап, оның 70 пайыздан астамын айналымнан шығарды. Ал амбулаториялық деңгейде 1,1 млн дәрі қабылданып, 986 мыңнан астамы айналымнан шығарылды. Дәріханаларда бұл көрсеткіш 15,6 млн-нан астам дәріні қамтып, оның 77,6 пайызы сатылымнан алынған екен. Сондай-ақ қаладағы барлық 61 медициналық ұйым «Әлеуметтік әмиян» жобасына қосылған. Жоба аясында тұрғындар дәрілік заттарды қағаз рецептпен ғана емес, QR-код арқылы да ала алады. Бүгінгі таңда 619 мыңнан астам рецепттің ішінде 562 мыңы осы жоба арқылы қамтамасыз етілді. Бұл жоспардың 90 пайызын құрайды. Ресми өкілдің айтуынша, шаһарда денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше жоба іске асып отыр. «Қайтпас-1» шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын «Атамекен» медициналық орталығы, Mediker жеке емханасы, қалалық онкологиялық орталық жанынан ПЭТ/КТ орталығы және қалалық клиникалық аурухана жанынан гемокоррекция орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, нефрологиялық орталық пен жаңа қалалық емхана салу жобалары дайындық сатысында. Ал 2026–2028 жылдары төрт жаңа қалалық емхана салу жоспарланған.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкентте 150-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан астам колледж студенттері, 5 мыңға жуық мектеп оқушылары және 117 кәсіпорын тартылған. Сонымен бірге, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, барлығы жергілікті атқарушы органның теңгеріміне өткізілді. Биыл 10 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, соның ішінде 9 мектеп пен 1 балабақша бар. «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде мектептерді бірыңғай дизайн-кодпен безендіру басталды, ал әлеуметтік қолдау бағытында 132 мыңнан астам оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтуға 13,5 млрд теңге бөлінген. Сонда бір баланың бір күндік тамағына орта есеппен 677 теңге қарастырылады.

Қазір қалада мектепке дейінгі білім беру саласындағы ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық цифрландырылған. INDIGO24.KZ платформасы арқылы балаларды балабақшаға қабылдау мен кезек реті ашық жүргізіледі. «Бұл жүйе ата-аналарға қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырды. Қазір қаладағы 638 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр», деді ресми өкіл. Бұдан кейін тұрғын үй мәселесіне тоқталған Сәрсен Құранбек жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына нақты қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. 2022 жылдан бері 7 500-ден астам азаматқа көмек берілген, қазір 2 700-ден астамы субсидиямен қамтылып отыр. Биыл бұл мақсатқа 552 млн теңге бөлініп, 416 млн теңгеден астамы төленген.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»