​ҚАУІПСІЗ ҚАЛА – ОРТАҚ МІНДЕТ

​ҚАУІПСІЗ ҚАЛА – ОРТАҚ МІНДЕТ

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Құрсай елді мекеніндегі Әл-Фараби атындағы мектепте ата-аналар мен мұғалімдерге арналған «Қауіпсіз қала» тақырыбындағы кездесу өтті.

Іс шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бей-берекет жүруінің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және ата-аналармен бірлескен жұмысты күшейту.

Кездесуге Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Патрульдік полиция полкінің Әкімшілік практика тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асылхан Әбдіқалық, Тұран аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция капитаны Құдайберген Бегімбетов, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастарымен жұмыс жүргізу бөлімінің инспекторы Заңғар Ғаниұлы қатысты.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының өкілдері түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңсыз жүріс-тұрысы, оның құқықтық салдары мен ата-аналардың жауапкершілігі жөнінде кеңінен түсіндірді.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынады. Бұл талап орындалмаған жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Біз үшін ең маңыздысы – айыппұл салу емес, балалардың қауіпсіздігі мен олардың өміріне төнетін қауіптің алдын алу. Қазір жасөспірімдер арасында түрлі құқықбұзушылықтар мен қауіпке толы жағдайлар жиі кездеседі. Жастарды қауіпсіз ортада тәрбиелеу – тек полицияның емес, баршамыздың міндетіміз. Әр ата-ана өз баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын білуі тиіс. Мұндай кездесулердің мақсаты – ата-аналарды, мұғалімдерді және қоғамды біріктіріп, жастарымыздың болашағын қорғау, – дейді полиция капитаны Асылхан Әбдіқалық.

Іс шара барысында ата-аналар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, полиция қызметкерлері нақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығының инспекторы Заңғар Ғаниұлы орталықтың NEET санатындағы жастармен жүргізіп жатқан жұмысы туралы қысқаша ақпарат беріп, ата-аналарға балаларымен жиі сөйлесіп, оларды бос уақытын тиімді өткізуге бағыттаудың маңызын айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер қаладағы өзге де елді мекендерде жүйелі түрде өткізілмек. Бұл – жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мен қауіпсіз қала қалыптастыруға бағытталған ортақ қадам.

«Шымкент келбеті»