ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛІ
Шымкентте «Қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен болашағы төңірегінде ой өрбітті. Форумды «Қазақ тілі» қоғамы Шымкент филиалының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді.
Форумның ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйлеп, өңірде тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарды марапаттады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген сөзін мысалға ала отырып, еліміздегі татулық пен ынтымақтың басты құндылық екенін атап өтті.
– Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Біздің бірлігіміздің кепілі – өзара сыйластық пен толеранттылық. Соның нәтижесінде мемлекеттік тілдің мәртебесі артып келеді. Биылғы жылы абитуриенттердің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырса, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 70 пайызы қазақша білім алуды таңдады. Бұл – тіліміздің нығайып, қоғамда кеңінен қолданылып келе жатқандығының нақты көрінісі, – деді Сәрсен Құранбек.
Форум аясында бірқатар мазмұнды баяндамалар тыңдалды. «Өрлеу» БАҰО АҚ «Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының» директоры Меруерт Медетбекова ауызша іскерлік тіл мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталса, редактор әрі аудармашы Назгүл Қожабек «Бұл қазақша – қай қазақша?» атты баяндамасында калька аударманың кең етек жаюына алаңдаушылық білдірді.
Сонымен қатар, форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі сөз болды. Түрлі этнос өкілдері қазақ тілінде баяндама жасап, жиналғандарды ерекше тәнті етті. Бұл – мемлекеттік тілдің ұлтаралық қарым-қатынастың берік құралына айналып келе жатқанын білдірді.
«Шымкент келбеті»