ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАҒЫ QAZALPACK ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАҒЫ QAZALPACK ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов индустриалды аймақтарды аралап, ондағы өндіріс орындарының жұмысын аралап көрді. Солардың бірі – «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы QazAlpack зауыты.

Премьер-Министр ісін жаңадан бастаған кәсіпоронның бүгінгі әлеуетімен танысып, жұмысшылармен жүздесті. Мұнда қазіргі таңда 145 адам жұмыс істейді. Орта Азияда баламасы жоқ зауыт жеңіл материалдардан орап-қаптау өнімдерін шығарады. Яғни, алюминий ыдыстар мен қақпақтар өндіріледі. Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 500 млн дана өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын басшылары өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жобаның жалпы құны – 23 млрд 400 млн теңге. Инвестицияның бір бөлігі кәсіпкерлердің жеке қаржысы болса, қалған қаржыны екінші деңгейлі банктен несиеге алған. Мемлекет тарапынан несиенің 15 пайыздық мөлшерлемесінің 9 пайызына субсидия беріледі.

Оған қоса жергілікті әкімдік тарапынан дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі 10 жылға жалға беріліп отыр. 6 гектар аумақтағы өндіріс 2022 жылдың қазан айында іске қосылып, жұмыс істеуде.

Ә.Смайылов қала әкіміне жаңа өндірісті дамытуға барынша қолдау көрсету қажеттігін айтты.

Инвестиция құны 10,9 млрд теңге болатын екінші кезеңді биыл жүзеге асыру жоспарда. Жобаның қуаттылығы - 550 млн дана өнім шығару.