«КӨКТЕМ – 2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТЕДІ
Ақпан айында шаһарда «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары және оқу-жаттығудың барысы бойынша баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау капитаны Асқар Шәріп осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.
Асқар Рысбекұлының айтуынша, су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін Департамент жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, тиісті іс-шараларды жүргізуде.
– «Қазгидрометтің» болжамы бойынша ақпан-наурызда жауын-шашын қалыптан аспайды. Бүгінгі таңда қалада су қоймаларының толуы 22-71 пайызды құрайды. Тасқын суларды қабылдауға арналған қор қарастырылған. Барлық су айдындары штаттық режимде жұмыс істеуде, апаттық жағдайлар жоқ. Қала әкімдігімен бірлесіп, тоқсан сайын су тасқыны қаупі бар учаскелерді аэровизуалды шолу жүргізілуде. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің 2448 бірлік техникасы, 442 жеке құрам және 81 мотопомпа дайындыққа келтірілді, – деді департаменттің ресми өкілі.
Сонымен қатар, азаматтық қорғау қызметтері күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңге дайындығы «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары барысында тексерілмек. 6-7 ақпанда өтетін республикалық оқу-жаттығу аясында 10 практикалық іс-шара ұйымдастырылады. 6 ақпанда штаб Шымкент ТЖД базасында, 7 ақпанда штаб Еңбекші ауданы, Бадам-2 тұрғын алабында құрылады. Оқу-жаттығу барысында қызметтердің дайындық деңгейі мен жедел әрекет ету қабілеті пысықталады.
«Шымкент келбеті»