​ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ – КОНСТИТУЦИЯ

​ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ – КОНСТИТУЦИЯ

Шалатай Мырзахметов, мемлекет және қоғам қайраткері, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі

Құрметті қауым, қадірлі ағайын!

Биыл біз тәуелсіздігіміздің темірқазығы, елдік мүдденің айнымас айнасы – Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуын атап өтудеміз. Бұл – халқымыздың таңдау еркіндігі мен мемлекетіміздің іргетасын бекіткен тарихи күн.

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз – еліміздің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік дамуының берік негізі. Ол тек заң нормаларының жиынтығы ғана емес, елдің бірлігін, бейбітшілігін, татулығын сақтайтын басты кепіл.

Осы жылдар ішінде Қазақстан түрлі сын-қатерлерді еңсеріп, аймақтық қана емес, халықаралық деңгейде де орны бар мемлекетке айналды. Бұл жетістік – Ата Заңымыздың тұрақтылығы мен өміршеңдігінің дәлелі.

2022 жылы ел тарихында ерекше маңызға ие конституциялық реформа өтті. Халық референдум арқылы мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл өзгерістер биліктің теңгерімді жүйесін қалыптастырып, Парламенттің рөлін күшейтті, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтерді. Реформа – шынайы демократия мен әділеттіліктің кепілі ретінде ел дамуына тың серпін берді.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы да осы реформалардың мәнін айқындайды. Әділетті қоғам – әрбір азаматтың заң алдында тең болуы, адал еңбек пен білім арқылы табысқа жетуі, жемқорлықтың тамырына балта шабылуы, мүмкіндіктің бәріне ортақ болуы. Бұл – жай ғана ұран емес, бүкіл қоғамның даму бағыты.

Біз, аға буын, жас ұрпаққа Конституцияны құрметтеуді, оны өмірлік ұстанымға айналдыруды үйретуіміз керек. Себебі мемлекеттің болашағы – заңға адалдықта, ал заңның беріктігі – халықтың сенімінде.

Конституцияның 30 жылдығы – өткенімізді бағалап, болашағымызды айқындайтын тарихи белес. Ата Заңды қастерлеп, оның әр бабын берік ұстансақ, әділетті, өркенді, берекелі Қазақстанды бірге құрамыз.

Тәуелсіздігіміздің тірегі – бірлігіміз, бірлігіміздің кепілі – Конституциямыз!