Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті

Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті

Бүгін Шымкент қаласында Қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтіп, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Отырыста Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев, Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бахытжан Әділханов, Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Төлебаев және Цифрландыру басқармасының басшысы Мұрат Кемелов баяндама жасады.

Тұрғын үй басқармасының өкілі Қуаныш Төлебаев қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны әлі де жоғары. Соған қарамастан, соңғы жылдары жалдамалы және несиелік пәтерлер беру ісі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Биыл мыңға жуық отбасыға арендалық тұрғын үй кілті табысталды. Көпбалалы, аз қамтылған және жетім балалар санатындағы азаматтарға басымдық беріліп жатыр. Келесі жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», деді ол. Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы арқылы көптеген отбасыға көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Мониторинг нәтижесінде заңсыз пайдаланылған пәтерлер анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Қалада жастарға арналған жалдамалы пәтер беру бағдарламасы да тұрақты жүзеге асырылып келеді. 2020 жылдан бері мыңдаған жас баспаналы болған. Сонымен қатар, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие беріледі. «Мемлекет тарапынан азаматтарға бастапқы жарна төлеу үшін тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. Бұл әсіресе жас отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтар үшін үлкен көмек», деді ол.

Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен инфрақұрылымдық жобалары жайлы баяндады.

«Әл-Фараби ауданы бүгінде қаладағы ең ірі әрі тығыз қоныстанған аумақтардың бірі. Инженерлік инфрақұрылым толық қамтылған. Биыл бірнеше көшеге жарық шамдары орнатылып, жолдар мен аулаларда асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр», деді ол. Оның айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде тұрғындардың ұсынысы негізінде балалар және спорт алаңшалары орнатылып, аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы жылдары бұл бағытта ондаған аула жаңартылмақ.

Сонымен қатар, аудан аумағында жаңа саябақтар мен скверлер салынып, Қиял әлемі мен Кең Баба саябақтарын қайта жаңарту басталған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 46 рет сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған адам қатысыпты. Ауданды көркейту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру әкімдіктің негізгі мақсаты. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалармен қатар демеушілердің де үлесі зор екені баян етілді.

Цифрландыру басқармасының басшысы Мұрат Кемелов қаланы Smart City тұжырымдамасы аясында дамыту жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде қаланың басқару жүйесі заманауи технологиялар арқылы тиімділігін арттырып келеді екен. «Біздің басты мақсат – цифрлық шешімдер арқылы тұрғындарға ыңғайлы әрі ашық қызмет көрсету. «109» байланыс орталығының жұмысы жаңартылып, өтініштерді қабылдау жылдамдығы артты. Сонымен қатар мектептерде тегін тамақтану процесі автоматтандырылды», деді ол. Мұрат Кемеловтің айтуынша, экологиялық бақылау жүйелері енгізіліп, қоқыс жәшіктерінің толу деңгейі мен заңсыз әрекеттер автоматты түрде бақыланады. Мемлекеттік мекемелерде кадрлық процестер цифрлық форматқа ауыстырылып, жұмыс тиімділігі артқан.

«Қалада «Ақылды бағдаршамдар» мен экологиялық мониторинг жүйесі іске қосылады. Сонымен қатар 3 мың бейнебақылау камерасы орнатылып, қала қауіпсіздігі күшейтіледі», деді басқарма басшысы.

Ал Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бахытжан Әділханов өз сөзінде Шымкенттің туристік әлеуетінің өсіп келе жатқанын атап өтті. «Соңғы уақытта қалаға келетін туристер саны артып отыр. Бұл бағытта инфрақұрылымды жетілдіру, тарихи нысандарды жаңарту және жаңа қонақ үйлер ашу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Шетелдік және отандық блогерлерді тарта отырып, қаламызды кеңінен танытудамыз», деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл бірнеше тарихи нысанда абаттандыру және цифрландыру жұмыстары жүргізілді. Қалада жаңа қонақ үйлер ашылып, креативті индустрия саласы қарқынды дамып келеді. Shymkent Creative Hub орталығы ашылып, жас өнерпаздар мен кәсіпкерлерге мүмкіндік берілген. «Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық бағытында да ілгерілеу бар. Франциямен және басқа да елдермен жаңа жобалар қолға алынды», деді ол.

Кеңес мүшелері баяндамаларды тыңдап, нақты сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов басқарма басшыларының есебін оң бағалап, айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын атап өтті. Оның айтуынша, талқыланған әрбір мәселе қаламыздың әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ал кеңес мүшелері ұсынған ұсыныстар қоғамдық бақылауда болады.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»