​ҚҰРАҚ ҚҰРАУ – ӨНЕРДІҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАР КӨЗІ

​ҚҰРАҚ ҚҰРАУ – ӨНЕРДІҢ САРҚЫЛМАС ҚАЙНАР КӨЗІ

Қазақ халқының бай рухани қазынасында қолөнер дәстүрлерінің алар орны ерекше. Соның ішінде құрақ құрау – ғасырлар қойнауынан жеткен өнер, ата-бабамыздың тұрмысында кеңінен қолданылған қолөнер түрі. Құрақ – әсемдік пен өрнектің ғана белгісі емес, ол ұрпақ сабақтастығын сақтап, халықтың тарихы мен тағылымынан сыр шертетін ұлттық мұра.

Осы құндылықтарды жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі» атты шеберлік сағатын ұйымдастырды. Шара аясында қатысушыларға құрақтың түрлері, оны құраудың қыр-сыры таныстырылып, қолөнер шеберлерінің еңбектері паш етілді.

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде құрақ – тек сәндік бұйым ғана емес. Ол – анадан балаға берілетін өнердің, шыдамдылық пен іскерліктің мектебі. Әжелеріміз құрақ құрау арқылы қыз балаға ұқыптылықты, сабырлықты, сұлулықты бағалауды үйреткен. Әр қиылған матаның өзіндік мәні болып, олардан құралған өрнек бір шаңырақтың тарихын, әулеттің шежіресін бейнелеген.

Іс-шараның басты мақсаты да осы ұлттық қолөнерді насихаттап, жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру, көркемдік талғамын дамыту және ата-баба мұрасын жаңғырту.

– Құрақ – халқымыздың мәдени кодын сақтаған, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын айқындаған өнер. Біз бүгінгі ұрпаққа осы құндылықты жеткізіп, қызығушылығын арттыру арқылы ұмытылмас дәстүрді жаңғыртып отырмыз. Құрақ құрау – ұрпақ сабақтастығының алтын арқауы. Ұлттық өнерімізді дәріптеу – болашақ ұрпақ алдындағы басты міндетіміз. Құрақ құрау арқылы біз жастарға тек әсемдікті ғана емес, шыдамдылық пен сабырлықты үйретеміз. Мұндай бастамалар халқымыздың мәдени коды мен дәстүрін сақтауға зор үлес қосатыны сөзсіз, – дейді Шымкент қалалық мәдениет,тілдерді дамыту архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.

Бүгінгі шарада ұлттық өнерді тек дәріптеп қана қоймай, оны әлемдік деңгейде танытуға бағытталған жобаға қатысушылардың еңбегі еленіп, марапатталды. Қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеу мақсатымен өмірге келген «Аламан құрақ» жобасы – мәдени мұрамызды сақтап, әлемге танытудың бірегей бастамасы болды.

Бұл жоба барысында әлемдік рекорд орнатылып, 660 көрпешеден құралған үлкен көлемдегі ұлттық композиция жасалған. Әр көрпешенің ұзындығы 230 см, ені 90 см болып, жалпы ауданы 1366 шаршы метрді құрап, елдің түкпір-түкпірінен келген 6 жастан 90 жасқа дейінгі 660 құрақшы шебер осы жобаға атсалысты.

– «Аламан құрақ» – халқымыздың ғасырлардан жеткен мұрасын жаңғыртуға арналған үлкен қадам. Біз ұлттық өнерімізді жаңаша сипатта танытып, оны халықаралық деңгейге шығаруды мақсат еттік. Ол мақсатымыз орындалды. Бұлжоба мәдени мұрамызды сақтаудың ғана емес, оны әлемге паш етудің бірегей бастамасы. Осы құрақшылардың басын бір жерге қосып, олардың өнерін бір арнаға бұрсақ деген арман еді. Енді, міне, жоба бүгінде әлемдік деңгейге дейін көтеріліп кетті. Өте қуаныштымыз. Бұл ұлттық өнерге деген жанашырлық деп білеміз, - дейді жоба жетекшісі, бастамашы Нұргүл Абайхан.

Қазақтың қолөнері – халықтың тұрмысын, дүниетанымын, рухани болмысын айқындайтын асыл қазына. Сол қазынаның бір тармағы болып саналатын құрақ құрау – ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір. Әдет-ғұрып орталығы өткізген шеберлік сағаты да осы өнерді ұмыттырмай, қайта жандандыруға бағытталған қадам болып отыр. Ұлттық өнерді қадірлеу – тамырымызды тану, болашаққа жол сілтеу. Құрақ құрау арқылы халықтың тарихын сезінуге, оның әсемдік пен үйлесімге деген талғамын тануға болады.

«Шымкент келбеті»