КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ МЕН ОҚИҒАЛЫ ТУРИЗМГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ МЕН ОҚИҒАЛЫ ТУРИЗМГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Биыл Шымкенттің туризм және сыртқа байланыстар басқармасының атауына «креативті индустрия» термині қосылды. Басқарма басшысы Ерлан Қыдыровтың сөзінше, шаһарда креативті индустрия бойынша 3 845 кәсіпкер тіркелген. Мұндай нысандар қаланың оң имиджін қалыптастыратын туристік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.

Қаланың туризм саласындағы әлеуетін арттыру мақсатында «Креативті хаб» ашу жоспарланып отыр. Жобада креативті индустрия нысандарының басын біріктіріп, кеңес беру алаңы жасақталады.

–Креативті хаб 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Олар – IT, кино және анимация, дизайн және сән. 2022 жылдың 9 айында Шымкентте 418 922 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде 12 567 адам креативті экономикада жұмыс істейтіні анықталды. Осы жобада кәсіпкерлерге ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетіліп, қаржылай қолдау тетіктерін алуға сүйемелдейді. Сонымен бірге, тәжірибе алмасатын алаң құруға, тың жобаларды халықаралық нарыққа шығаруға және жаңа бастамалар мен ивенттер тарту көзделіп отыр, -деді Е.Қыдыров.

Одан бөлек, биыл Шымкенттен тікелей ұшатын халықаралық рейстер саны артады. Қазір ішкі рейстер қатарында Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары болса, халықаралық рейстер бойынша Дубай, Стамбұл, Мәскеу, Джидда, Шарм-эль-Шейх, Пхукет, Медина қалаларына тікелей ұшу мүмкіндігі бар. Ал жақын күндері Кутаиси бағыты қайта жаңарып, Душанбе мен Анкараға жаңа тікелей бағыттар ашылады.

Осы жылы да оқиғалы іс-шаралар туризміне кеңірек көңіл бөлінеді. Осы мақсатта алдағы көктемде «Менің гүлді аулам», «ДәмДәсTour» және «Mobilography Fest» іс-шаралары ұйымдастырылады.

Өткен жылдың экспресс-статистикасы бойынша Шымкентке 446 мың адам келіпті. Басым бөлігі Алматы, Астана және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Корея және басқа да елдерден жеке және кәсіптік мақсатта ат басын бұрған. Ендігіде басқарма оқиғалы іс-шаралар туризмін дамыту арқылы туристер санын арттыруды көздеп отыр.