Шымкент қаласындағы білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарының барысын «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясы назарға алды.
Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу деңгейін тексеру мақсатында қалалық филиал жанынан құрылған бақылау тобы бірнеше білім беру мекемелерін аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарына мониторинг жасады.
Іс-шараға Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Наргиза Керімбаева, атқарушы хатшы Ердәулет Жүнісбек, қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Позилов, Құрылыс басқармасының өкілдері, мердігер ұйым мамандары және комиссия мүшелері қатысты.
Бақылау жұмысы алдымен №19 Ө.Жәнібеков атындағы мектепте жүргізілді. Мұнда биыл қаңтарда 325 оқушыға арналған жаңа ғимараттың құрылысы басталған. Алайда тексеру барысында нысанда жұмыс қарқыны төмен екені байқалды. Жоспар бойынша құрылыс желтоқсанда аяқталуы керек, бірақ қазіргі жағдай оған күмән тудырады. Комиссия мүшелері бұл мәселеге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, құрылыс процесін жеделдету және сапаны сақтау қажеттігін ескертті. Құрылыс басқармасы өкілдері мердігерге екі рет айыппұл салынғанын айтты. Ал бақылау тобы алдағы күндері бұл жобаға қатысты арнайы жиын өткізуді жоспарлап отыр.
Келесі нысан – 1983 жылы салынған №97 «Ақмарал» балабақшасы болды. Мұнда бүгінде 290 орынға лайықталған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысшылардың айтуынша, барлық жұмыстар жаңа оқу жылына дейін аяқталады. Комиссия мүшелері нысандағы жұмыстардың қарқынын оң бағалап, ең бастысы – құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау қажеттігін қадап айтты.
«AMANAT» партиясы бақылау тетіктері арқылы уәделердің орындалуын қадағалауды жалғастыра береді. Ал білім беру нысандары – бұл реттегі басты басымдықтардың бірі», – дейді комиссия өкілдері.
“Шымкент келбеті”