Шымкент қаласының Орталық мешіті – Ақмешітте қасиетті Ережеп айының келуіне орай, «Күшіміз бірлікте» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды.
«Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен өткен игі бастамада Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов жиылған жамағатқа Ережеп айының қадір-қасиеті жайында баяндап, сауапқа толы айда жақсы амалдармен өткізуді, мейірімді болуға үндеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты қоғам арасында қайырлы істерді көбейтіп, халықты бір-біріне бауырмал болуға шақыру екенін атап өтті.
–Бүгінгі қайырымдылық іс-шарасы аясында «Ордабасы» «Байғұт баба», «Нұр-Төбе», «Әл-Біләл» және «Дін Ислам» мешіттерінен азық-түлік себеттері үйлеріне жеткізілді. Осы игі шараға қолдау білдірген кәсіпкер азаматтарға Алла Тағала разы болсын!- деді қаланың бас муфтиі.
Қайырымдылық іс-шара барысында көп балалы, мүмкіндігі шектеулі 1 500 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді. Әр себетте тұрмысқа қажетті ұн, күріш, шәй, пісте майы, қант, макарон өкімдері секілді азық-түліктер бар.