​КӘСІПКЕ ДЕГЕН АДАЛДЫҚ

​КӘСІПКЕ ДЕГЕН АДАЛДЫҚ

Адал еңбек етіп, өз саласында табысқа жетіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – 38 жыл бойы бір мекемеде қызмет етіп жүрген Күлайхан Шалхарова. Бүгінде ол «Шымкент май» АҚ кәсіпорнында өндіріс орнының бас технологы лауазымын абыроймен атқарып жүр.

К.Шалхарова оқу орнын майлар технологиясы мамандығы бойынша тәмамдап, жолдамамен осы кәсіпорынға келген. 1987 жылдан бері осы мекемеде қызмет атқарады. Бригадирлік қызметтен бастап, аға шебер, цех бастығы, бас технолог болып еңбек етуде.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында іргелі өндіріс орнына баспасөз туры ұйымдастырылған болатын. Онда жұмысшы мамандықтарымен танысып, өндіріс барысын аралауға мүмкіндік туды. Іс-шара негізінен, жұмысшы мамандықтардың абырой-беделін арттыру, адал кәсіп иелерін танытуды мақсат еткен. Іс-шарада мекеменің өндірістік қызметкері Бегайдаp Масақбаев та жұмысшы мамандықтарына жеткілікті көңіл бөлініп жатқанын және өз кәсібі жан қалауы екенін айтып берді.

Аталған кәсіпорын қалдықсыз технология бойынша жұмыс істейді. Онда май дақылдары өңделеді. Тарихы терең, іргелі өндіріс орнында еңбек ету жауапкершілік жүктейді.

Айта кетсек, биыл жыл басында «Шымкент май» АҚ өндіріс орнының өкілдері М.Әуезов атындағы ОҚУ-да студенттермен кездесті. Жиында өндіріс саласында жұмыс істеу мүмкіндіктері мен карьералық даму бағыттары таныстырылып, елімізде май өндіру саласының ерекшеліктері, жұмысқа орналасу талаптары мен қызметкерлер үшін ұсынылатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді.

«Шымкент келбеті»