Кәсіптік білім алған 850 маманға сұраныс бар

Кәсіптік білім алған 850 маманға сұраныс бар

Тегін кәсіптік және техникалық біліммен қамтамасыз ету үшін 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 5704 орын бөлініп, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Ол өткен оқу жылымен салыстырғанда 1173 орынға артып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, бүгінде Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 32 колледжде 32 816 студент білім алып жүр. Оның 12 791-і мемлекеттік тапсырыс аясында білім алып жүрген студенттер.

— Бүгінде ата-аналар баласын табысты мамандықтарға оқытуды көздейді. Сондықтан біз өңірімізде қандай мамандықтарға сұраныс басым екенін анықтап, сол кәсіп түріне мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыруды қолға алдық. Мәселен, 2020-2021 жылдардағы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішін қарастыратын болсақ, экономика-35, білім беру – 60, өнер, мәдениет – 70, денсаулық -80, IT бағдарламалау -85, құрылыс -92, тігін өндірісінің мамандары 99 пайыз жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе отырып, потенциалды жұмыс берушілердің қатысуымен «бос орындар жәрмеңкесі» тұрақты өткізілуде. Білім басқармасы биылғы бітіруші түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мақсатында, оның ішінде құрылыс саласы бойынша 21 ұйыммен байланыс орнатып, 850 маманға сұраныс бар екенін анықтадық. Оның 591-і құрылыс басқармасы арқылы, 259-ы әлеуметтік сұраныс негізінде жұмысқа орналасатын болады, - деді Жанат Арысбекқызы.

Сонымен қатар, алдын ала болжам бойынша 2021-2022 оқу жылында бітіретін түлектердің 85 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылады екен. Яғни, 8468 бітірушінің 7197-сі жұмысқа орналасса, 501-і (5,9 %) жоғары оқу орнына түсуге ниетті. Ал, 162-сі (1,9 %) әскери борышын өтеуге аттанса, 608 (7,2 %) түлек нақты шешім қабылдамаған.

Бүгінде Шымкент қалалық білім басқармасы дуальді оқыту форматын жүзеге асыру мақсатында 117 кәсіпорынмен 1201 шарт пен келісім жасаған. Құжат шеңберінде дуальді оқыту форматы енгізілген 8 колледждің студенттері тағылымдамадан өтіп, сол кәсіпорындарға жұмысқа орналаса алады.

Жиын барысында Индустриалды-техникалық колледждің директоры Тілек Исахметов кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының материалдық базасы жаңарғанын атап өтті.

- «Жас маман» жобасы аясында колледждің техникалық базасы жаңартылып, оқыту процесіне қажетті түрлі заманауи жабдықтар алынды. Оған мелекеттік бюджеттен 650 млн теңге жұмсалды. Техникалық базаның нығаюы білікті маман даярлауда өз септігін тигізетін болады. Бүгінде 400-ден астам бітіруші түлек оқуға түсуге өтініш білдірді, - дейді ол.

Айта кетейік, «Жас маман» жобасы аясында 7 колледждің техникалық базасы жаңартылып, оқыту жабдықтары алынған. Мемлекеттік бюджеттен 2020 жылы осы мақсатта 646,6 млн теңге қаралса, 2021 жылы 1 млрд 557,9 млн теңге бөлінген.