Бүгінгі жаһандық әлемде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мәселесі күн тәртібінен түспейтін күрделі әрі өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бұл тек бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың қауіпсіздігіне төнетін қатер. Осыған байланысты әлем елдері қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және заңсыз капитал айналымының алдын алу бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасы да бұл бағыттағы халықаралық стандарттар мен міндеттемелерге сәйкес 2009 жылы 28 тамызда №191-IV «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңды қабылдады. Бұл заң — қаржы жүйесін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы маңызды нормативтік-құқықтық акт болып табылады.
Заңның басты мақсаты
Аталған заңның негізгі мақсаты — заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру әрекеттерінің жолын кесу, күмәнді қаржы операцияларын бақылау және террористік қызметті қаржыландыру арналарын жою болып табылады. Заңда қаржы операцияларына мониторинг жүргізудің қағидаттары, субъектілерінің міндеттері мен жауапкершілігі нақты айқындалған.
Қаржы мониторингінің субъектілері
Қаржы мониторингінің субъектілеріне мыналар жатады:
- банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
- сақтандыру ұйымдары;
- аудиторлар, бухгалтерлер;
- жылжымайтын мүлікпен мәміле жасайтын агенттер;
- бағалы металдар мен тастарды сату/сатып алумен айналысатын кәсіпкерлер;
- заңгерлер, адвокаттар (белгілі бір жағдайда, төменде түсіндіріледі).
Бұл субъектілер заңда көрсетілген мөлшер мен сипаттағы қаржы операцияларын тіркеп, Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауға міндетті. Сонымен қатар, олар клиенттерді сәйкестендіру (KYC), күмәнді мәмілелерді сараптау және тәуекел деңгейін бағалау сияқты міндеттерді де орындайды.
Терроризмді қаржыландыруға қарсы тетік
Заң террористік әрекеттерді тікелей немесе жанама түрде қаржыландыруға жол бермеуді көздейді. Бұл мақсатта террористік ұйымдармен байланысты тұлғалар мен құрылымдардың шоттары бұғатталады, активтері тоқтатылады және барлық транзакциялар мұқият бақылауға алынады. Террористік ұйымдарға қатысы бар кез келген әрекет үшін ауыр қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Адвокаттар мен заң консультанттарының рөлі
Жалпы алғанда, адвокаттар мен заң консультанттарының кәсіби қызметі – азаматтардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін сақтау. Дегенмен, кейбір жағдайларда бұл мамандар да қаржы мониторингінің субъектілері ретінде танылады. Бұл — олардың қызметіне заңмен нақты талаптар жүктейді.
Егер адвокат немесе заң консультанты:
- клиенттің атынан жылжымайтын мүлікті сату/сатып алу,
- заңды тұлға құру немесе оның құрылымын өзгерту,
- банктік шот ашу,
- үлестермен/акциялармен мәміле жасау сияқты операцияларға тікелей қатысатын болса, онда ол қаржы мониторингінің субъектісі болып саналады.
Бұл жағдайда олар:
- клиентті сәйкестендіру,
- ішкі бақылау саясатын жүргізу,
- күмәнді мәмілелер туралы уәкілетті органға хабарлау міндеттемелерін орындайды.
Мұндай кезде адвокаттық құпия мен заң талаптарының арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Кәсіби этика мен заңнамалық талаптар қатар орындалуы тиіс. Қаржы мониторингінің субъектісі ретінде тіркелуге тиісті бола тұра тіркелмеген немесе күмәнді операция туралы хабарламаған заңгер әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қорытынды
Жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес – бұл тек мемлекет міндеті емес, қоғамның, бизнес өкілдерінің, заңгерлік қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі. Адвокаттар мен заң консультанттары осы үдерісте кәсіби этиканы, заң нормаларын, құқықтық тәртіпті сақтау арқылы құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады.
Мақаланың авторы: “Zangerler palatasi” ЗКП-нің заң консультанты
Ақылбекова Ақниет Абдразаққызы
Шымкент қаласы, 18.04.2025 жыл