​Әлеуеті артып, әлеуметі нығайып жатыр

​Әлеуеті артып, әлеуметі нығайып жатыр

Шымкент қаласы жаңа оқу жылын тың серпінмен қарсы алмақ. Бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек осылай деді. Сондай-ақ ол аймақта атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталды.

Қаладағы білім беру кеңістігінде жаңа оқу жылы алдында елеулі өзгерістер орын алыпты. Қалалық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің дерегін келтірген Сәрсен Абайұлы өз өтініштерімен екі жекеменшік мектеп лицензиясынан бас тартқанын жеткізді. Сонымен қатар, биылғы оқу жылына 16 жаңа мектепке лицензия берілген. Соның ішінде 11 білім ордасы «Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерсе, қалған бесеуіжекеменшік. Бұдан бөлек, жоғары білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында қала әкімдігі 285 білім грантын бөлген. «Алғашқы конкурс нәтижесінде 207 талапкер жеңімпаз атанды, алайда 78 орын бос қалды. Бұл гранттарға енді тек шымкенттік түлектер ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар да үміткер бола алады. Басты шарт оқуын аяқтаған соң кемінде үш жыл Шымкентте еңбек ету керек», деді ресми өкіл.

Сондай-ақ қаладағы қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру бағытында да маңызды қадамдар жасалып жатыр. Биыл 58 жаңа автобус алынған, соның 28-і – шағын аудандар мен шеткі аймақтарға қатынайтын шағын автобустар, ал 30-ы – сыйымдылығы жоғары заманауи көліктер. «Экологиялық тиімді көлік түрлерін енгізу мақсатында Shymkent Bus компаниясы газ-метан отынымен жүретін 179 автобусты кезең-кезеңімен жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді.

Жер қатынастары саласында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері мемлекет мұқтажы үшін 254 жер учаскесі иеліктен шығарылған. Соның ішінде 207 учаске үшін 5,1 млрд теңге өтемақы төленсе, 31 учаскенің иесіне тең бағалы жер берілген. Ал жеті учаске сот шешімімен өтемақысыз мемлекетке қайтарылып, шамамен 500 млн теңге бюджет қаржысы үнемделіпті.

Бұдан кейін Сәрсен Құранбек құқық қорғау органдарының жұмыс нәтижелеріне, студент жастарға жасалып жатқан қолдауға және қысқы маусымға дайындық барысына тоқталды. Айтуынша, өткен аптада қалада 181 қылмыстық іс тіркеліп, соның 11-і сотқа жолданған. Ең көп таралған қылмыс әдеттегідей алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы, тонау және жол-көлік оқиғаларына қатысты болған.

Студенттік жатақхана мәселесі де басты назарда. Осылай деген ресми өкіл қаладағы 9 жоғары оқу орнында 78,5 мыңнан астам студент білім алатынын жеткізді. 2025–2026 оқу жылының басында 2149 студенттен өтініш түсіп, бүгінде 1734-і жатақханаларға орналастырылған. Қалған өтініштер қаралып жатыр. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, қазір қаладағы 28 колледждің 9-да – мемлекеттік, 19-да – жекеменшік жатақхана бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 5 806 орынды құрайды. Қазір 2654 студент жатақханада тұрса, олардың 82 пайызы – өзге өңірден келген жастар.

Сонымен бірге, «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» жанынан 300 орындық жаңа жатақхана құрылысы басталыпты.

Шаһар басшылығы жылу маусымына да белсенді дайындалып жатыр. Сәрсен Құранбектің сөзінше, «Қуатжылуорталық-3» АҚ-ның қысқы маусымға әзірлігіне 743 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, соның 87%-ы игерілген. 27 қазандықтың 23-і, 17 сорғы стансасының 13-і дайын. Қаладағы 838 шақырымдық жылу желісінің 37%-ы тозған. Биыл гидравликалық сынақ кезінде 98 ақау анықталып, 90-ы жөнделіпті. Қалғаны қыркүйектің басына дейін толық реттелмек. Ал қаладағы көпқабатты үйлердің 69%-ы, ал әлеуметтік мекемелердің 97%-ы қысқа сақадай сай. Әсіресе білім беру және мәдениет нысандары 100% әзір. Осылай деп баяндаған ресми өкілдің сөзінен ұққанымыз, көмір жеткізу де жоспарға сай жүріп жатыр. Қалаға қажетті 23,3 мың тонна көмірдің 55%-ы қамтамасыз етілген.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»