ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ БЕЛГІЛЕНГЕН БАҒАДА САТЫЛУДА

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ БЕЛГІЛЕНГЕН БАҒАДА САТЫЛУДА

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бүгінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамытуда кешенді жоспарлар жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейк, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жобасы аясында қалаға 12 индикатор бекітіліп берілген, аталған көрсеткіштерге жету мақсатында бірқатар іс-шаралар биылғы жылы атқарылатын болады.

Мәселен, былтырғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың га құраса биылғы жылы қалада егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың га жетіп, өнімділік 86,0 мың тоннаны құрайтын болады.

Сонымен қатар, қала аумағында 80 ге жуық сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белігленген бағада сатылуда.

Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен арнайы комиссия құрылып, комиссия отырысын өткізіп тұрады.

Қала аумағындағы ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, эпизоотиялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы 596 мың, ірі қара, шошқа, жылқы–214 мың, ұсақ мал, ит, мысық–382 мың, құстар-103 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларына профилактикалық екпе егу жұмыстары жүргізілген. Ал, 29 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы 114,0 мың – ІҚМ, жылқы,уақ малдардан қан сынамалары алынып тексерілді. Бұл жөнінде Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Сонымен қатар, алдағы уақытта 8,5 мың тонна ет, 52,5 мың тонна сүт және 160,0 млн дана жұмыртқа өндірілетін болады.

Сондай-ақ, брифингте зиянкестерді болдырмауда атқарылып жатқан істер де айтылды. Жыл басынан бері кенелерге қарсы энзоотиялық іс-шаралар бойынша, 1 950 000 ш.м. қора-жайлар мен жапсарлас аумақтар, 375 750 ш.м – ауыл шаруашылығы жануарлары шоғырланатын орындар, суаттар, жайылымдар мен мал иірімдері және қолайсыз аймақтар залалсыздандырылып, 74 850 бас - ірі қара малдар бүркуден,  77 660 бас уақ малдар тоғытылған. Басқарма басшысының айтуынша жыл сайын төрт рет масаға қарсы күрес жүргізіледі.

Айта кету керек, Шымкентте жалпы 45 гүлзар, 12 саябақ , 35 өзен мен канал, 2 су қоймасы бар. Өткен айда осы аумақтарда толық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Ал, көпқабатты үй аулалары мен жеке секторларға масаға қарсы дәрі себілмейді. Оны тұрғындар өз қаржысына жүргізеді. Жануарлардың шоғырлану орындарының мониторингі және азаматтардың өтініштері бойынша 4 841 өтінім түскен. Соның нәтижесінде қараусыз қалған және қаңғыбас  11 114 бас ит және  бас 1 593 мысық ауланып, үлгілік қағидаға сәйкес ізгілік тәсілмен жансыздандырылды.

 

«Шымкент келбеті»