Мектептерде алғашқы қоңырау соғылды

Мектептерде алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін Шымкенттегі 223 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 242 525 оқушымен 19 мыңнан аса педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінде өткен Білім күні мерекесіне арналған  салтанатты жиынға қатысты.  Барша білім алушыларды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жиында ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шеруі болды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер өлең айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шымкентте жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде 45 мектеп бір ауысымды, 173 мектеп екі ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда білім береді. Білім ұяларының 97,8 пайызы бес күндік, үш ауысымда білім беретін 5 мектеп алты күндік оқумен қамтылады.