Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн форматта халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
– 2020 жыл бүкіл әлемді жайлаған індетпен күрес жағдайында өрбіді. Адам баласына үлкен қауіп төндіріп, өмір сүру дағдысын өзгертті. Сонымен бірге пандемия әлемдік экономикаға орасан зиянын тигізді. Оның ішінде індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Әсіресе, денсаулық сақтау саласына үлкен сынақ болды. Сынақ сағымызды сындырған жоқ, керісінше біріктірді. Кемшін тұстарымызды көрдік, жаңа бағдар алдық, қарапайым қарым-қатынастың құндылығын түсіндік, - деді М.Әйтенов.
Айта кету керек, пандемия кезінде Елбасымыз бастамашы болып, «Біз біргеміз» қоғамдық қоры құрылды. Сол қордың көмегімен Қазақстанда 655 мың аз қамтылған отбасы көмек алды, ал оның 41 мыңы Шымкент қаласынан болды.
– Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекет төтенше жағдай және карантин кезінде кірісін уақытша жоғалтқан азаматтарға қолдау көрсетілді. Бірінші кезеңде 285 мыңнан астам адамға, екінші кезеңде 143 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңгеден көмек берілді. Одан бөлек, 28 мыңнан астам азаматтың коммуналдық шығыны мемлекеттік бюджеттен өтелді. Шымкент қаласы бойынша 26 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі мүлік және табыс салықтарынан босатылды. 1 482 кәсіпкердің 13 млрд.теңге несие төлемдері кейінге шегерілді, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне де түрлі өтем-төлемдер қарастырылды, жалпы ешкім назардан тыс қалмады.