МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында №13 қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті. Мәжіліс депутаты медицина мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдады. №13 қалалық емханада бүгінде 45 мың тұрғын тіркелген.

Таңсәуле Ғабдыманапұлы медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында мамандармен әңгімелесіп, ұсыныстарды тыңдады. МӘМС жүйесі, онкологиялық аурулардың алдын-алу, қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі өзекті екенін атап өтті.

– Медицина саласы әрдайым серпілісті, жаңа өзгерістерді қажет етеді. Парламент қабырғасында депутаттық сауалдардың жартысы медицина саласына қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр. Заң шеңберінде қарастырамыз. Жалпы бүгінде онкологиялық аурулардың алдын алуға, медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасына мән беру керек. Мамандардың жұмысқа деген құштарлығы болуы қажет, – деді Мәжіліс депутаты.

Қазіргі таңда емханаға 650 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Кездесуде қызметкерлер ендігі ретте ғимаратқа лифт орнату қажет деген мәселені жеткізді. Сондай-ақ, компьютерлік томография құрылғысы тапшы екені айтылды.

«Шымкент келбеті»