​ӨНДІРІСТІҢ ЖҮРЕГІН СОҚТЫРЫП ЖҮРГЕН МАМАН

​ӨНДІРІСТІҢ ЖҮРЕГІН СОҚТЫРЫП ЖҮРГЕН МАМАН

Мұнай-газ саласы бүгінде ел экономикасының тірегі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мереке қарсаңында сала мамандарының еңбегін ерекше атап өтіп, олардың еліміздің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Отандық өндірістің қуат-күші болып жүрген еңбек адамдарының қатарында Мұхтар Мырхайдаров та бар.

1964 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Мұхтар Бахадүрұлы еңбекке ерте араласты. 1982 жылдан бастап өндіріс саласында шыңдалып, 1985 жылы ҚазТИ-ге механик мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуымен қатар еңбекті де қатар алып жүрген ол 1991 жылы сырттай оқуды тәмамдап, қолына дипломын алады.

1990 жылдан бері Шымкент мұнай өңдеу зауытында табан аудармай қызмет етіп келе жатқан ол шеберлігін шыңдап, цех шеберінен механикке дейінгі еңбек жолынан өтті. Қазіргі таңда «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС №1 технологиялық цехының механигі ретінде зауыттағы өндіріс процесінің іркіліссіз жүруіне жауапты маман.

Мұхтар Бахадүрұлы үшін еңбек - өмірінің мәні. Оның арқасында зауыттағы әрбір механизм үздіксіз жұмыс істеп, өндірістің жүрегі соғып тұр. Саладағы ұзақ жылғы адал еңбегі - жас мамандар үшін өнеге, өндірістегі сенімді тірек.

Ал, үйінде жан-жары екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген әке. Ал «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі орденін иеленуі – көп жылғы маңдай терінің, адал еңбегінің жемісі. Бұл марапат – оның жеке еңбегіне ғана емес, бүкіл еңбек адамына берілген баға.

Біз сұхбатқа барған сәтімізде Мұхтар Бахадүрұлының үйі мерекелік көңіл-күйге бөленіп тұрды. Балалары мен немерелері жиналып, құттықтауға келген екен. Немерелері әкелген «Ата - біздің батыр» деген жазуы бар торт - көп жылғы еңбектің, ұрпақ алдындағы абыройдың ең үлкен марапаты іспетті еді.

Ел игілігі жолында маңдай терін төгіп жүрген Мұхтар Мырхайдаров сынды қарапайым жұмысшылардың еңбегі елене берсін!