Отандық өндірушілер өз өнімдерін БАӘ мен Катарға экспорттай алады

Отандық өндірушілер өз өнімдерін БАӘ мен Катарға экспорттай алады

Бүгін Шымкент қаласындағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қалалық филиалында «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті.

Онда кәсіпкерлерге халал сертификатын алудың талаптары мен шарттары, осындай сертификатқа ие болған отандық өндірушілердің өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар елдеріне экспорттау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ «ISO 22000-2019 «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджменті жүйесі» тақырыбы да талқыға салынды.

–Бүгінде әлемде халал тамақ өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Қазақстанда осы стандарттарға сай өнім шығаратын 700-ден астам өндіруші бар. Бұл кәсіпорындар ішкі нарықпен шектелмей, өз өнімдерін экспорттап жатыр. Кез келген елге экспорт жасау үшін өнім сол елдің ұлттық стандарттарына сай болуы тиіс. Мәселен, ислам елдеріне өнім сату үшін тауар халал стандарттарына сай болуы шарт, - дейді «Қазстандарт» РМК Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Сәкен Бейсеев.

Оның айтуынша, «Қазстандарт» мекемесі – ұлттық станрдарттау органы болып саналады. Осы мекеме арқылы Біріккен Араб Әмірліктері мен Катар елдерінің өкілетті органдарымен екіжақты келісімдер жасалған. Соған сәйкес, Қазақстанда халал сертификатын алған компаниялар өз өнімдерін аталған елдерге кедергісіз экспорттау мүмкіндігіне ие.