ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Спутник-V» вакцинасын салдырады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ.
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
- Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жазбада Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғаны, бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы екені айтылды. Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.
Сонымен қатар Берік Уәли өзінің де вакцина салдыру ойында бар екендігін айтты.
- Өздеріңіз білесіздер, былтыр елмен бірге менде ауырдым. 20 күндей ауруханада жатып емделдім. Оның бес күнінде реанимацияда жаттым. Ауыр жағдайды өткердім. Құдайға шүкір, отандық медицинаның арқасында сауығып шықтым. Таяуда антиденемді анықтатқанымда 74 пайыз бар болып шықты. Дәрігерлердің пайымынша, ол 30 пайыздан төмендегенде вакцина салдыруға болады екен. Осы хабарға келердің алдында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен кеңескенімде ауырып тұрған адам 6 айдан кейін вакцина салдыруға болатындығын айтты. Менде вакцина салдырсам деп отырмын. Отандық вакцина бұйыртса сәуір айының соңында қолданысқа енгізіледі, - деді ол.
Осы ретте ол ресейлік және қазақстандық вакцинаның қайсысын салдыратындығын атады.
- Мен отандық вакцинаны салдыратын шығармын. Өйткені, отандық медицинаны қолдау үшін соны таңдап отырмын. Сонымен қатар баршаңызды вакцина салдыруға шақырамын. Мемлекет басшысының өзі де бірнеше рет халықты вакцина салдыруға шақырып, індеттен құтылудың жалғыз жолы вакцина екендігін айтты. Шын мәнінде бүкіл әлем халқы салдырып жатқаннан кейін кертартпа пікірлерге ермей, вакцина салдыру керек, - деді Берік Уәли.