Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгерту мәселесіне баса назар аударуын, еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктер қарастыруын тапсырған болатын.
Сонымен қатар Президент инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолындағы үздіксіз жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, Үкіметке экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемінің азаюына жол бермеуді тапсырды.
Мемлекет басшысының Жолдауында және өзге де тапсырмаларында қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы толығырақ Primeminister.kz сайтындағы шолудан оқыңыздар.
ЖІӨ және экономиканың негізгі драйверлері
2024 жылдың қорытындысына сәйкес, ЖІӨ көлемі бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді және ол 5%-ды құрады.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды.
Президент Үкімет алдына 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есеге арттыру мақсатын қойды.
Бұл бағыттағы жұмыс, оның ішінде инвестицияларды ынталандыру, өнімділікті арттыру және экономиканың шикізаттық емес салаларын кеңейту есебінен жалғасуда.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі соңғы жылдары 6,3%-ды құрап, рекордтық көрсеткішке жетті.
Нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құраса, қызметтер өндірісі 5,2%-ға артты.
Негізгі драйверлер көрсеткіштері келесідей: көлік +22,5%, құрылыс + 18,5%, сауда +8,6%, тау-кен өнеркәсібі +8,5%, өңдеу секторы +6,1%.
Өңірлерді дамыту
Өңірлердің орнықты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы бекітілді.
Тұжырымдама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен дамудың басты бағыттары негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған.
Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізудегі теңсіздіктерді азайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Дамуы кенже қалған өңірлерге Өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджет есебінен қаржыландыруда басымдық беріледі.
Тұжырымдаманы ж8зеге асыру Іс-шаралар жоспары, Кешенді жоспарлар, Ұлттық жобалар, жол карталары және басқа да салалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Нәтижесінде өңірлік стандарттарға сәйкес, әлеуметтік игіліктер мен қызметтерді қамтамасыз ету деңгейі артады деп күтіледі.
Сондай-ақ Министрлік моноқалаларды дамыту бойынша жаңа шаралар әзірледі. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындар мен жергілікті өндірушілер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау, индустриялық аймақтар құру, елішілік құндылықты арттыру бағдарламаларын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту және тағы да басқа шаралар қамтылған.
Ауылдық жерлерді дамыту үшін мемлекет қабылдаған барлық шаралар синхронды түрде жүзеге асырылады, оның ішінде «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобалары бар.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 50 млрд теңге бөлінді. 2026-2028 жылдарына шамамен 450 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат есебінен ауылдағы бизнесті қолдауға бағытталған 25 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, кемінде 30 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019-2024 жылдары республикалық бюджеттен 701 млрд теңге 2,2 мың ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 6,6 мың жобаны жүзеге асыруға бөлінді.
2025 жылы 500 ауылдық елді мекенде жалпы құны 176,4 млрд теңге болатын 1 мың жоба іске асырылуда.
Ауылдағы кадрлық әлеуетті көтеру үшін «Дипломмен ауылға» жобасы жалғасып жатыр.
Жобаға қатысушыларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы және 2 500 АЕК-ке дейін тұрғын үй алуға бюджеттік несие беріледі.
2009-2024 жылдары аралығында Жоба аясында 114 мыңнан астам маман жалпы сомасы 23,6 млрд теңге болатын көтерме жәрдемақы алды, ал 52 мыңнан астам маманға жалпы көлемі 189,5 млрд теңгеге тұрғын үй алуға бюджеттік несие берілді. Олардың шамамен 85%-ы 18 бен 35 жас аралығындағы жастар.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға да басымдық берілуде.
Қазіргі таңда IV деңгейлі бюджеттің кірістері 8 түрлі салықтан, төлемдерден, айыппұлдар мен трансферттерден қалыптасады. IV деңгейлі бюджетті енгізгелі салық түсімдерінің өсімі байқалады: 2018 жылдан 2024 жылға дейін жергілікті кірістер 3,5 есеге артты. Өзін-өзі қамтамасыз ету үлесі 29,5% болды.
Сонымен қатар салықтар мен төлемдердің басқа да түрлерін аудару мәселесі қарастырылып жатыр. Аталған шараларды жүзеге асыру жергілікті кірістер көлемін 4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 5 қарашада пилоттық режимде алғаш рет 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімінің сайлауы өтті. 2025 жылдан бастап әкімдер ротация тәртібімен сайланады.
Инвестициялық жобалар ел экономикасын қалай өзгертеді?
Елімізге инвестиция тарту – Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі.
2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 9,9 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға артық (8,3 трлн теңге).
2025 жылдың 7 айындағы инвестициялардың негізгі үлесі тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік және қоймалау, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сияқты салаларға тиесілі.
Инвестициялардың өсу қарқыны бойынша білім беру, қаржы және сақтандыру қызметі, мемлекеттік басқару және қорғаныс,, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластанумен күресу қызметі, өнер, ойын-сауық, демалыс, жылжымайтын мүлік операциялары салалары оң динамика көрсетті.
Бүгінгі таңда Қазақстан тиімді инвестициялар үшін бірегей мүмкіндіктер мен орасан зор әлеуетті ұсынады.
Елімізде әлеуметтік-саяси тұрақтылық, сондай-ақ инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуына ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал байқалады.
Moody’s, Standard & Poor's и Fitch сияқты жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері экономиканы әртараптандырудың тұрақты қарқынымен үйлесетін институционалдық және саяси тұрақтылықты растайды.
Еліміздің инвестициялық деңгей рейтингі 2002 жылдан бері сақталып келеді
Осы жылдың 23 тамызында S&P халықаралық рейтинг агенттігі «BBB-» деңгейінде рейтингін растай отырып, Қазақстан Республикасының болжамын «тұрақтыдан» «оңға» жақсартты.
Қазақстан ЭЫДҰ халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясында белгіленген нормаларды сақтауды қадағалайды, бұл біздің халықаралық аренадағы сенімді әрі заңға бағынатын серіктес ретіндегі беделімізді нығайтады.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту және инвесторларға қажетті жағдайды жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып отыр.
2024 жылғы 18 қазанда Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды.. Құжаттың мақсаты – негізгі капиталға инвестиция деңгейін ЖІӨ-нің 23%-ына дейін, сыртқы салымдар үлесін 30%-ға дейін арттыру және $150 млрд мөлшерінде тікелей шетелдік инвестиция тарту.
Тұжырымдамаде экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған инвестиция тартудың жаңа тәсілі енгізілді. Атап айтқанда, инвестицияға «тапсырыс» жергілікті бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың жекелеген салалардағы қажеттіліктеріне қарай қалыптасады.
Жалпы алғанда, тұжырымдамада экономиканың барлық саласына, барлық инвестицияға жалпы ашықтық идеологиясы белгіленген. Бұл ретте инвестициялық саясаттың басымдығы экономиканы әртараптандыруға, дамудың шикізаттық моделінен шикізаттық емес секторға көшуге берілетін болады, бұл өз кезегінде еңбек өнімділігінің өсуіне және экспорт көлемінің артуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы капиталды тартып қана қоймай, оның экономикаға тиімді енгізілуін қамтамасыз ету міндетін қойды.
Инвестициялар үшін бәсекелестік тек жаһандық деңгейде ғана емес, сонымен қатар аймақта да күшейе түсуде. Мұндай жағдайда Қазақстан жай қатысушы ғана емес, инвесторлар үшін барынша қолайлы әрі болжамды жағдайды ұсынатын Орталық Азиядағы инвестицияларды тарту орталығы ретінде әрекет етеді.
Шетелдік инвесторлардың мүдделерін қолдау және олармен сапалы диалог құру үшін Үкімет түрлі келісімдер жасасу мүмкіндігін қарастырып отыр. Мәселен, құны 60 млн АҚШ долларынан басталатын ірі жобалар үшін 25 жылға дейінгі мерзімге жеке шарттармен инвестициялар туралы келісім жасалуы ықтимал. Бұл бизнеске ұзақ мерзімді болжам жасауға және қолдау шарттарының тұрақты болуына мүмкіндік береді.
Ал құны 600 млн АҚШ доллары болатын ауқымды жобалар үшін салық заңнамасының 10 жылға дейін тұрақты болатынына кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісімдер жасасу көзделген. Мұндай механизм инвесторларға қаржы ағындары мен олардың өтелу мерзімдерін сенімді түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар инвесторлар үшін әкімшілік және техникалық кедергілерді азайтуда қуатты құрал саналатын Үлттық цифрлық инвестициялық платформа (ҰЦИП) құрылды.
Оның басты ерекшелігі – инвесторларға мемлекеттік органдармен мейілінше аз байланыса отырып, барлық процестерге, оның ішінде мемлекеттік қызметтерге бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсыну. Басқаша айтқанда, ҰЦИП инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерін кешенді түрде сүйемелдей отырып, онлайн мониторингті қамтамасыз етеді.
Осы жылдың 5 тамызындағы жағдай бойынша ҰЦИП-қа жалпы сомасы 76,3 трлн теңгеден асатын 1 100 инвестициялық жоба жүктеліп, 222 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Соның ішінен биыл 47,7 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 5,6 трлн теңге болатын 413 жобаны пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, ағымдағы мәселелер мен инвесторлардың нақты проблемаларын жедел шешу үшін Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің рөлі күшейтілді, оның өкілеттігі инвесторға барлық қажетті рәсімдерден жедел және оңайлатылған жолмен өтуіне мүмкіндік береді.
Одан бөлек, жергілікті жерлерде инвесторлардың проблемаларын шешу үшін әр өңірде «осы жерде және дәл қазір» қағидатымен Үкіметтің инвестициялық штабына ұқсас әкімдердің басшылық ететін өңірлік инвестициялық штабтар құрылды.
Инвестштаб қолдаудың «кілтпен тапсыру» түріндегі толық спектрін ұсынады, ол алаңды таңдау мен инфрақұрылымды қосудан бастап жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеуді қамтиды. Осының барлығы Қазақстанды ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналдырмақ.
Бұған қоса, экспорттық және технологиялық әлеуеті жоғары салаларға ден қоюға, жалпылама таныстырудан нақты келіссөздерге көшуге және нақты бір серіктес тарапты тарта отырып, орнықты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға мүмкіндік беретін таргетті тәсіл іске асырылуда.
Бұл жұмыстардың негізгі тетігі – Үкімет жанындағы инвестициялық штаб, оның алаңында бүгінде $70 млрд-тан астам сомаға 137 инвестициялық жоба қаралды. Штаб отырыстарының қорытындысы бойынша заңнамаға әкімшілік кедергілерді жоюдан бастап инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге дейінгі 140-тан астам өзгерістер енгізілді.
Бүгінгі өрбіген ахуалды ескере отырып, инвестициялық жобаларға «жасыл дәліз» қағидаты бойынша сервистік қызмет көрсетуге ерекше назар аударылып отыр.
Оның артықшылығы – инвестордың барлық қажетті рәсімдерін (тіркеу, рұқсат құжаттарын алу, мемлекеттік қолдау шаралары) бар болғаны 5 күнде жеделдетіп және оңайлатып өткізу.
Қазақстанның инвестициялық имиджін ілгерілету – мемлекеттік және бизнес-дипломатия құралдарының кең спектрін қолдана отырып, жүйелі негізде жүзеге асырылатын стратегиялық міндет.
Бұл саладағы негізгі оператор – Үкімет атынан бірыңғай келіссөз жүргізуші қызметін атқаратын «Kazakh Invest» ҰК». Бұл тәсіл шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша бастапқы консультациядан бастап жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдері бойы сүйемелдеуге дейінгі қызметтердің толық кешенін алуға мүмкіндік береді.
Мұндағы жұмыстарды ілгерілетуші маңызды құрал Ұлттық инвестициялық invest.gov.kz порталы. Бүгінгі күні порталда 203 инвестициялық ұсыныс орналастырылған, оның 33-і биыл ғана жарияланды. Ресурс бірнеше тілде жұмыс істейді, бұл халықаралық инвесторларға Қазақстанның мүмкіндіктері, қолданыстағы преференциялар, салықтық жеңілдіктер және инфрақұрылым туралы нақты ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Осылайша, Қазақстан басым бағыттарды іріктеуден бастап жобаның барлық кезеңдерінде инвесторларды жедел сүйемелдеуге және институционалдық қорғауға дейінгі инвестиция тартудың толыққанды архитектурасын қалыптастырады.
Сондай жұмыстардың нәтижесінде, 2025 жылдың алғашқы айларында ғана 17 инвестициялық келісімге қол қойылды салыстырғанда көп). Осы келісімдер бойынша жиынтық сома $17 млрд-тан асты.
Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар
Президенттің тапсырмалары шеңберінде өңдеуші өнеркәсіп секторындағы инвестициялық жобалардың көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.
2022-2024 жылдар аралығында ел экономикасына $69 млрд-тан астам қаражат тартылды, оның 22%-ы өңдеу өнеркәсібіне және 39%-ы тау-кен өндірісіне бағытталды. Салыстыру үшін айтсақ, алдыңғы үш жылда (2019-2021) барлық тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) шамамен 50%-ы тау-кен секторына тиесілі болды.
Соңғы бес жылда ТШИ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2019 жылғы 14%-дан 2025 жылы 22%-ға дейін өсті. Бұл әртараптандырылған экономикаға біртіндеп көшуді, шикізат салаларына тәуелділіктің төмендеуін және қосылған құны жоғары өндірісті дамытуды растайды.
2025 жылғы инвестициялық күн тәртібі
Тараптардың нақты белгіленген өзара міндеттемелері бар келісімдер инвесторлармен нүктелік жұмыстың тікелей нәтижесі болып саналады, оның шеңберінде әрбір мәміле елеулі алдын ала дайындықтан өтеді.
Олардың арасында ел экономикасына тікелей әсер ететін ірі бастамалар бар. Мысалы, бұлардың қатарында $6,9 млрд инвестициясы бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу, $580 млн «QazaqArab Sugar» қант зауытын салу, сондай-ақ «Viamedis» компаниясының Қосшы қаласында емханасы бар көпбейінді аурухана салу сияқты жобалар бар.
Бұдан бөлек, ҚР СІМ Инвестиция комитеті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында инвесторларға бірқатар преференциялар беруді көздейтін 86 инвестициялық келісімшарт жасасты. Салыстыру үшін, өткен жылдың сәйкес кезеңінде мұндай келісімшарттар тек 47 болды. Өсім екі есеге жуық — инвесторлардың нақты артықшылықтарды көріп, Қазақстанға жобаларды іске қосуға дайын екендігінің айқын дәлелі.
Бұдан бөлек, 2025 жылы Қазақстан экономикасына жүйелі ықпал етуге қабілетті бірқатар маңызды инвестициялық жоба іске қосылды. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов инвесторлармен кездесу барысында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА шеңберінде халықаралық жүк-жолаушылар әуежайын салу жөніндегі осындай жобалардың біріне ресми старт берді. Сол күні тараптардың міндеттемелерін бекітетін және басым жобаның мәртебесін растайтын инвестициялар туралы келісімге қол қойылды.
Неміс тарапынан «The Hansa» консорциумының және қазақстандық тараптан «SKYMAX Technologies» компаниялар тобының қатысуымен іске асырылатын жоба терминал, жаңа буындағы авиациялық отын қоймалары мен мультимодальды логистикалық хаб құрылысын қамтиды. Жаңа әуежай елдің Азия-Тынық мұхиты өңірі бағытындағы транзиттік-көліктік мүмкіндіктерін кеңейтуге, экспорттық әлеуетті күшейтуге және шекара маңы аймағында қосымша өсу нүктелерін құруға арналған.
2025 жылғы инвестициялық күн тәртібіндегі тағы бір маңызды оқиға американдық «PepsiCo» компаниясының Алматы облысында тұзды тағамдар шығаратын зауыт құрылысына салынған инвестиция көлемін екі есеге арттыру туралы шешімі болды. Жоба 2024 жылы $160 млн бастапқы инвестициямен басталды, ал 2025 жылдың қаңтарында компания инвестициялардың ұлғаюы және өндірістік қуаттылықтың кеңеюі туралы жариялады.
АӨК трансформациясы: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге инвестициялар тартылуда
Жоба форматында «PepsiCo» компаниясымен жергілікті фермерлермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылды: өндірістің технологиялық талаптарына сәйкес келетін картоптың арнайы сорттары берілген 15 қазақстандық шаруашылықпен келісімшарттар жасалды. Фермерлер агротехнология бойынша оқытудан өтеді, техникалық қолдаумен және ұзақмерзімді жеткізу шарттарымен қамтамасыз етілген. Бұл аграрлық сектор мен қайта өңдеу арасындағы тұрақты тік интеграцияны тудырады, ауыл шаруашылығын дамытуға, өнім сапасы мен фермерлердің кірістерін жақсартуға ықпал етеді.
Астықты терең өңдеуге инвестициялар тарту жөніндегі тапсырма шеңберінде озық цифрлық шешімдерді қолданатын, бидайды өңдеу және ашыту саласындағы технологиялық патент иегері қытайлық «Dalian hesheng Holdings» көпсалалы компаниясымен уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Жоба Ақмола облысында бидайды терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк салуды көздейді. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі $500-800 млн-ды құрайды, екінші және үшінші кезеңдер 1 млрд-қа бағаланады, ал бірінші кезеңде 3 млн тоннаға дейін кезең-кезеңімен кеңейте отырып, жылына 1 млн тонна бидай өңдеу қуаты бар. Сондай-ақ 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады.
Жобаның инфрақұрылымдық контуры көмір жылу электр стансасы мен көмір-химия кешенінің құрылысын қамтиды, онда жылына 150-400 мың тонна сұйық аммиак шығару жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру өңдеуші тарапынан астыққа болжамды сұранысты және солтүстік өңірлердің жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тұрақты өткізу арналарын қамтамасыз етеді.
Агроөнеркәсіптік кешеннің тағы бір жарқын мысалы — жүгеріні терең өңдеудегі әлемдік көшбасшылардың бірі қытайлық «Fufeng Group» компаниясының инвестициялық жобасы. Жамбыл облысында компания крахмал, лизин, натрий глутаматы және басқа да биоферментация өнімдері өндірілетін индустриялық парктің құрылысын бастады. Инвестицияның жалпы көлемі $800 млн-ды құрайды.
«Fufeng» қазақстандық фермерлермен 300 мың тонна жүгеріні жеткізуге офтейк-келісімшарттар жасасты, бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұрақты сұранысты қамтамасыз етеді және егіс алқаптарын кеңейтуге әрі өнімділікті арттыруға ынталандырады.
Жобаны жүзеге асыру инвестордың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл халықаралық компаниялардың елдің инвестициялық ахуалына деген сенімін және Қазақстанның өндірістік және логистикалық алаң ретіндегі жоғары тартымдылығын білдіреді.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде қытайлық серіктестермен тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылуда, бұл Түркістан облысында құрғақ көкөністер өндіретін зауыт салу. Инвестор — Қытайдың АӨК өнімдерін терең өңдеу саласындағы көшбасшыларының бірі «Qingdao Wanlin Food» компаниясы.
Бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 50 мың тонна өнім өндіру іске қосылады. Инвестиция көлемі $90 млн-ға дейін ұлғайтылды, 300 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Дайын өнім ішкі нарыққа да, ЕО мен АҚШ-қа экспортқа да бағытталған. Болашақта инвестор жобаны еліміздің басқа аграрлық өңірлеріне кеңейтуге ниетті.
Өндіруден дайын өнімді шығаруға дейін: кластерлік өндіріске инвестиция көлемі артып келеді
2025 жылғы ТМК саласындағы ең ірі келісімдердің бірі Павлодар және Қостанай облыстарында толық циклді алюминий кластерін құру жөніндегі жобаны жүзеге асыратын қытайлық «East Hope Group» компаниясымен әріптестік болды.
Ол шикізатты өндіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейін, оның ішінде жылына 2 млн тоннаға дейін алюминий тотығын өңдеуді қамтитын бүкіл өндірістік үдерісті қамтиды. Kazakh Invest ақпараты бойынша, жобаның құны 12 млрд-тан асуы мүмкін, бұл оны Қазақстандағы ең ірі металлургиялық бастама етеді. Жоба энергетикалық нысандардың құрылысын және электр желілерін жаңғыртуды қоса алғанда, инфрақұрылымды дамытуды көздейді.
Жобаның мәні тек бір саламен шектелмейді: ол экспортқа бағытталған, жоғары қосылған құнды тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастырады. Бұдан бөлек, бұл шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өңірлік экономиканың дамуына серпін береді.
Сондай-ақ Жамбыл облысында сутегі технологияларын қолданатын толық циклді болат құю зауытының құрылысы бойынша ірі металлургиялық жоба басталды. Инвестор – Қытайдың «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясы.
Зауыт «Jibek Joly» АЭА аумағында салынады. Жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіру үшін темір кенін қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Инвестицияның жалпы көлемі – $756 млн. Жоба аясында құрылыс кезінде 1,5 мыңға жуық, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Өнім Қазақстанның ішкі нарығына бағытталған, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа елдеріне де жеткізіледі. Өндірістік бағыттан бөлек, жоба Шу қаласында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауды да қамтиды.
2025 жылғы жаңа өнеркәсіптік жобалардың ішінде Қызылорда облысында санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыт құрылысы бар. Инвестор – әлем бойынша 78 өндірістік нысаны бар, саланың жетекші халықаралық компанияларының бірі саналатын испандық «Roca Group».
Жоба жылына 500 мыңға дейін өнім шығара алатын заманауи кәсіпорынды іске қосуды көздейді. Өнім Қазақстанның ішкі нарығына да, Орталық Азия елдеріне де экспортталады. Инвестиция көлемі – €70 млн еуро, шамамен 300 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
«Roca Group» жобасы – Еуропа өндірушілерін еліміздің оңтүстік аймақтарына тарту бойынша ең ірі мысалдардың бірі. Ол жергілікті өнеркәсіптік базаның дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның Орталық Азиядағы өнеркәсіп орталығы ретіндегі орнын күшейтуге ықпал етеді.
2025 жылғы инвестициялық келісімдер тек сандық өсім ғана емес, Қазақстан экономикасын дамытудағы сапалық өзгерістерді де көрсетіп отыр. Назарда тек капитал тарту емес, тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыру, экспорттық әлеуетті арттыру және технологияларды игеру. Жаңа жобалар агроөнеркәсіп кешенінен бастап ауыр металлургия мен авиалогистикаға дейін кең ауқымда салаларды қамтып, әртүрлі өңірлерде іске асырылады. Бұл ел экономикасының теңгерімді дамуына ықпал етеді.
Осылайша, Үкімет ел экономикасын ілгерілете дамыту үшін жүйелі қадамдарды жалғастырып келеді. Президент қойған міндеттердің тиімді жүзеге асырылуы ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
#Инвестициялар #Президенттіңтапсырмасы #Экономика