Шымкент қаласында қазір 886 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қалалық орта сапасы және басқармасы осы нысандарға мониторинг жүргізіп, 259 орында заң талаптарының орындалмағанын анықтаған. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингте басқарма басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы мәлімдеді.
Басқарма тарапынан жалпы 357 құрылыс нысанына 926 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, 62 835 АЕК (192 463 605 теңге) айыппұл салынған. Оның 259-ы заңсыз, сапасына байланысты – 93 нысан және 5 құрылыс орын үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес келмеген.
–Абай ауданында 60 құрылыс орны, Әл-Фараби ауданында – 27, Еңбекші ауданында –62 және Қаратау ауданында 110 құрылыс объектілері бойынша әкімшілік құқықбұзушылақ хаттамалары толтырылды. Осы нысандардың 42-сі сотқа жолданып, 8 құрылыс соттың шешімімен мәжбүрлі түрде бұзылды. Биыл тағы 6 құрылыс нысаны бұзылса, 28 орынды мәжбүрлеп бұзу туралы сотта қаралып жатыр,- деді Нұрдәулет Құрбанбекұлы.
Басқарма басшысы өз баяндамасында тұрғын үй инспекциясына да тоқталды. Қалада қазір 2 236 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 1 823-і жаңа басқару жүйесіне көшкен. Қазір қаладағы 124 көпқабатты үйде мүліктің меншік иелері бірлестігі, 1699 үйде жай серіктестік құрылған.