Шымкент қаласында пробация қызметі есебінде тұрған жастар арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Іс-шара Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Жаңа өмір» жобасы шеңберінде өтті.
Жарыстың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарды қоғамға бейімдеу, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Турнирге қаладағы бес ауданнан іріктелген 10 құрама команда қатысты. Ойын басталмас бұрын төрешілер командаларға ойын ережелерімен таныстырып, әділ жеребе тарту рәсімін өткізді. Қарсыластар анықталған соң, алаңда тартысты ойын өрбіді. Әр команда жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, спорттық рух пен бірліктің жоғары үлгісін көрсетті.
Турнирдің жабылу салтанатында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Оспан мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Нұрлыбек Әлібекұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жеңімпаздарды марапаттады.
Жарыс нәтижесі бойынша 3- орынды ойын барысында табандылық пен ұйымшылдық танытқан «Тұлпар» командасы иеленсе, 2-орынды шеберлігін көрсеткен «Әл-Фараби – 1» командасы жеңіп алды. Ал турнирдің бас жүлдесін және 1-орынды айқын басымдықпен «Тұран» командасы еншіледі.
Жеңімпаз командаларға кубоктар, медальдар мен бағалы сыйлықтар, сондай-ақ ақшалай сертификаттар табысталды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен дипломдар беріліп, турнир қатысушылары көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
– Біздің мақсат – жастардың бойында ерік-жігер мен жауапкершілікті қалыптастыру, спорт арқылы жаңа өмірге сенім ұялату. Осындай жарыстар жасөспірімдердің қоғаммен байланысын нығайтып, салауатты өмірге ынталандырады. Мұндай шаралар азаматтар арасында спортқа қызығушылықты арттырып, олардың өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырады. Олардың салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түзелу жолына түсуіне берері мол, - деді «Жалын» жастар ұйымының өкілі.
Турнир жақсы көңіл-күй мен достық атмосферада өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
«Шымкент келбеті»