Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесіп, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы мемлекеттік бағдарламалар мен халыққа көрсетілетін қызметтерді түсіндіру мақсатында жиын өткізді. Жиында Сайрам, Өтеміс, Шапырашты, Қызылсу тұрғын алаптарындағы мәселелер қозғалып, шешу жолдары талқыланды.
Бұған дейінгі кездесулерде тұрғындар тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етуді, орталық көшелерді жарықтандыру, сапалы электр жарығын қосу, көшелердің асфальтталуы, интернет желісіне қол жеткізу, бос жерлерге балалар ойын алаңшасын салу мен тағы да басқа мәселелерін жеткізіп, өтініштерін айтқан болатын. Қала әкімі қазіргі таңда негізінде аталған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, айтылған проблемалар кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.
– Сайрамда 6469 үй ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда су жүйелері құрылысының І және ІІ кезегі жүргізілуде. Ал электр жарығымен толық қамту үшін былтыр 8 трансформатор орнатылып, 11 шақырым электр желісі жаңартылды. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Инфрақұрылыммен қамту жұмыстары Қызылсуда, Шапыраштыда, Өтемісте де жалғасуда. Барлық жұмыс менің тікелей бақылауымда, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан соң Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов орындалған оңды істерден хабардар етіп, алда атқаратын шаруалармен бөлісті. Ол көшелерге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша биыл Сайрам тұрғын алабында – 4 көше, ал 2024 жылы Өтемісте – 2 көше, Шапыраштыда – 3 көше, Қызылсуда 4 көшеге асфальт төселетінін айтты.
– Ал интернет сапасын арттыру мақсатында Өтеміс тұрғын алабында «HiperOptik» пилоттық жобасы жүзеге асырылса, Сайрам – 2023 жылы, Шапырашты және Қызылсу тұрғын алаптары 2024 жылы оптика желісімен қамтылады, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде қалалық басқарма басшылары да баяндама жасап, тұрғындарға ұсынылатын грант қаржылары мен жастардың кәсіпкерлік бастауы үшін мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие түрлерін, алу шарттарын түсіндірді.