Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа – 97-маусымының шымылдығын түрді. Жаңа маусым көрерменге Сәбит Мұқановтың әйгілі «Мөлдір махаббат» драмасымен жол тартты.
Классикалық туындыны сахнаға қайта оралту – театр ұжымының қазақ әдебиетінің алтын қорына деген құрметі мен көрерменге сапалы рухани дүние ұсынуға деген ұмтылысының көрінісі. Махаббат пен қоғам арасындағы күрделі сезімдер тоғысқан бұл драмада ар, адамгершілік және рухани тазалық мәселесі шынайы сипатта бейнеленген.
Кеш бойы сахнадағы ойын, режиссерлік шешім мен көркемдік ізденіс көрермен көңілінен шықты. Әр кейіпкердің ішкі жан әлемін ашуда актерлердің кәсіби шеберлігі мен сахналық эмоциясы ерекше әсер қалдырды. Көрермен әр сәтті сезініп, оқиға желісін бірге бастан өткендей күй кешті.
Театр директоры Дархан Балажановтың айтуынша, ұжым құрамында бүгінде елу екі актер мен шығармашылық қызметкерлер еңбек етеді. Соңғы маусым театр тарихындағы табысты жылдардың бірі болған.
– Өткен маусымда Түркияның Трабзон қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне қатысып, қазақ өнерін шетел сахнасында таныстырдық. Сонымен қатар Талдықорған қаласында өткен «Бекэн Fest III» халықаралық фестивалінде «Тастамашы Ана» қойылымын сахналадық. Ал жас режиссерлердің екінші республикалық фестивалінде Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» шығармасы арқылы көпшіліктің көңілінен шықтық, – дейді Дархан Балажанов.
Сонымен қатар театр ұжымы Түркістан қаласында өткен Құрманбек Жандарбековтың 120 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне қатысып, көрермен мен сарапшылардың жоғары бағасына ие болған. Маусымның соңында театр труппасы «Оңтүстіктің лебі» атты гастрольдік сапармен Алматы қаласында өнер көрсетті. Ал биылғы қыркүйек пен қазан айларында Павлодар облысына, Жұмат Шаниннің туған жері Баянауылға барып, жергілікті көрерменмен жүздесті. Бұл сапар театр ұжымы үшін ерекше рухани әсерге толы болған.
– Павлодар сапарында біз ерекше ықыласқа бөлендік. Баянауылда көрерменмен кездесу – үлкен рухани қуат сыйлады. Сондай-ақ Абайдың 180 жылдығына арналған мерейтой аясында Семей қаласында өнер көрсеттік. Кейін елорда төрінде, Астана қаласында екі күн қатарынан спектакль қойып, гастрольдік сапарымызды табысты аяқтадық, – деді театр директоры.
Жаңа маусымда Жұмат Шанин театры көрерменге жаңа бағыттағы бірнеше қойылым ұсынбақ. Соның бірі – Ержан Серікбаев туралы музыкалық драма. Сонымен қатар театр ұжымы тағы бір классикалық шығарманы сахналауды жоспарлап отыр. Жаңа жыл мерекесіне орай балаларға арналған ертегілік қойылым дайындалуда. Ал мектеп оқушыларына арналған, қазіргі қоғамда өзекті «әлімжеттік» тақырыбын қозғайтын әлеуметтік драма да көрермен назарына ұсынылмақ.
«Шымкент келбеті»